Словениялықтар басына көтерген белгісіз батыр «Касио Север» Сабыр Қасымов болып шықты — депутат
АСТАНА. KAZINFORM — Екінші дүниежүзілік соғыс тарихында ерлігі ерен болса да, есімі ерек дәріптелмей қалған батырларымыз аз емес. Олардың көбі бертінге дейін жалпақ жұртқа беймәлім болып, із-түзсіз кеткен жауынгерлер тізіміне қосылды. Осындай белгісіз батырлар туралы деректерді іздеп, тауып, бүгінде 56 том еңбектің жарық көруіне мұрындық болған «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов соңғы жылдардағы зерттеу жұмыстары жайлы жаңалығымен бөлісті.

— Өзіңіздің жетекшілігіңізбен «Қазақстандық қаһарман майдангерлер» жобасы аясында біраз зерттеулер жүргізіліп жатыр. Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында қандай жұмыстарды қолға алып жатырсыздар? Қандай жаңалықтарыңыз бар?
— Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес, біз Ұлы Жеңістің 80 жылдығына әзірленіп жатырмыз. Таяуда үлкен салтанатты іс-шаралар өткелі отыр. Осыған байланысты «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі барлық аймақта көлемді жұмыстар жүргізіп жатыр. Біз — ардагерлер ұйымы соңғы жылдары елеулі-елеулі жұмыстар атқардық. Соның бір-екеуін айта кеткім келеді.
Біріншісі айтсақ, 1943 жылы Словения елінің фашистер басып алған Повер деген аудан орталығына Кеңес Одағы бір топ адамды ерекше тапсырмамен жұмсаған екен. Онда шені жоғары офицер келуге тиіс болады, бұларға соның көзін жою тапсырылады. Бір мерген жігіт кішкентай Повер өзенінің жағасында ағаштың үстінде отырып сол тапсырманы орындаған. Бірақ немістер оқтың қайдан шыққанын біліп қойып, сол жерде оның өзін де атып құлатқан да, өлдіге санап кетіп қалған. Кешкісін сол жерден өтіп бара жатқан бір діндар адам сол кісінің тірі жатқанын көріп, арбаға салып, бетін шөппен жауып үйіне алып кетіпті. Жауынгер соңғы күшін жиып, өзінің кім екенін айтқан, бірақ 3-4 күннен кейін өмірден өткен. Оның атын словениялықтар «Касио Север» деп жазып алыпты. Зерттеу барысында оның ешқандай «Касио Север» емес, Солтүстік Қазақстаннан соғысқа аттанған Сабыр Қасымов деген қазақ жігіті екені белгілі болды. Осыған байланысты 2019 жылы Қорғаныс министрлігінің ұйымдастыруымен республикалық пантионда маңызды шара өтті. Еліміздің белгілі офицері Абай Тасболатов екеуіміз сол Повер елді мекеніне барып, Сабыр Қасымовтың бейітіне топырақ капсуласын салып қайттық. Сол жердегі іс-шара өте үлкен дәрежеде өтті. Ол естен кетпейді. Біздің таңғалғанымыз — жергілікті халықтың елін, отанын қорғаған адамдарға деген айрықша құрметі болды. Біз барғанға дейін жаңағы бейіттің басын өздері күтіп ұстап отырған екен. Бұл — бір оқиға.
Екінші бір жаңалықты айтайын, ТМД елдері ҰОС жайлы кітаптардың байқауын жариялады. Соған Абай Тасболатов екеуіміз «Казахстанцы в годы Великой отечественной войны» деген кітапты жазып тапсырғанбыз. Біздің «Қайнар» баспасы осы кітап үшін 1-дәрежелі дипломмен марапатталды. Бұл байқауды ТМД елдері жариялағанымен, халықаралық дәрежеде өтті.
— Жалпы, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы отандастарымыздың қилы тағдырын зерттеуге қалай келдіңіз?
— Мен соғыс ардагерінің ұлымын. Менің әкем 1941 жылдан 1945 жылға дейін соғысқан. 36 жыл мұнай саласында жұмыс істеген адаммын. Қарапайым бұрғылаушыдан министрге дейінгі көтерілдім. 1995 жылдан бастап әкемнің жүріп өткен жолын зерттеп, сол кездегі елшіліктерге өтініш жасап, мұражайлардан көптеген дерек жинақтай бастадым, ел ішінен де деректер жиналды. Осы деректердің барлығын белгілі журналист Жұмабай Доспанов деген азаматқа тапсырдық, ол көптеген кітапты дайындады. Бұл еңбектердің редакторы — Қойшығұл Жылқышиев дейтін азамат болды, өкінішке қарай ол кісі өмірден өтіп кетті. Сол үшеуіміз 30 жыл осы жұмыспен айналыстық.

— Деректерді жинауда қандай қиыншылықтарға тап болдыңыздар?
— Әуелде деректерді қазақстандықтар үшін ғана жинадық, соңында бүкіл кеңестік офицерлерге бейімдеп жинай бастадық. Мысалға біреуін айта кетейін, «Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі жас қолбасшылар» деген кітапқа 19-20 жасында полк, батальон, штабтарды басқарған қазақтардың есімі кірді. Бұл бұрын-соңды басқа еш жерде жарияланбаған деректер.
Тағы бір ерекше кітап — «Қазақстанның майдангер әйелдері» деген 6 томдық. Осы кітаптың ішінде қазақстандық 7400-ден астам қыз-келіншектің соғысқа қатысқаны, оның ішінде 700-ден астамы офицер болғаны туралы мәліметтер енген. Сонда майдан даласына аттанған әрбір 11-ші қазақ қызы офицер болған.
— Қазақтың батыр қыздары дегенде есімізге бірінші Әлия, Мәншүк, Хиуаз есімдері оралады. Ерлігі еленбеген, ел тани бермейтін де батыр қыздарымыз болған шығар?
— Біздің «Кеңес Одағының батыры болмай қалғандар» деген де еңбегіміз бар. Бұл қыздарға да, ер адамдарға да қатысты кітап. Бір кейіпкер, ол қазақ емес бірақ, 4 рет ұсынылып, батыр атағын ала алмаған. 9 кісі 3 реттен ұсынылып, батыр атағын ала алмаған. Сондай адамдардың ішінде 20-дан астам қазақстандық бар. Оған енді түрлі жағдай себеп болған, қазір кейбір шындықтың шеті шығып жатыр. Олардың әкелері не туыстары Кеңес одағына қарсы жұмыс жасағаны себепті де шеттетілген.
— 30 жылда қанша кітап жаздыңыздар?
— 30 жылда 56 кітап шығардық. Бір атап өтерлік жайт, 2023 жылы Мәскеуде «Жас аға офицерлер» деген кітапты таныстырдық. Сонда «ТМД ардагерлері үйлестіру кеңесінің» жоғары дәрежелі офицерлері түрегеп тұрып тыңдап, қатты риза болды. Себебі бұл еңбектерде еш жерде басылмаған, баға жетпейтін деректер бар. Сондықтан бұл тек біздің Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл ТМД, Ресей және Беларусь елдері үшін аса қажет мәліметтер. Бұл жұмыс әлі жалғасып жатыр. Мысалы, бір кезде біз Кеңес армиясындағы қазақ офицерлерінің санын 12 мың шамасында жинақтаған болатынбыз, ал қазір ол 13 мыңнан асып кетті.
Біз бұнда 19-20 жаста әскер басқарған жас қолбасшыларды, қыздарымызды, ерен ерлік көрсеткен адамдарды енгіздік.
Жоғарыда Кеңес одағының батыры атағына ұсынылып, ала алмаған адамдар жайлы айттық қой. Сол ұсынылған адамдардың санын есептеп қарағанда бүкіл одақтың 15 республикасының ішінде Ресей мен Украинадан кейін Қазақстан 3-орын алады екен. Осының өзі біздің жауынгерлердің қандай ерлікпен соғысқанының бірден-бір көрсеткіші деп ойлаймын.
— Бұл еңбектер қанша тиражбен басылып шыққан?
— Біз бұл еңбектерді алғаш Атыраудағы «Атығай» баспасынан азғантай ғана тиражбен шығардық. Биыл 80 жылдыққа байланысты Ақпарат министрі Аида Ғалымқызының тікелей басшылығымен бірқатар кітабымыз қайта шығып жатыр. Сол мүмкіндікті пайдаланып, біз бұл еңбектерді кітапханаларға, тиісті мекемелерге тарататын боламыз.
— Бұл зерттеулердің, жұмыстардың негізгі мақсаты елеусіз қалып кеткен, ерлігіне тиісті баға берілмей қалған батырларды дәріптеу, кең насихаттау ғой. Сол миссия орындалып жатыр ма? Танылмай қалған азаматтар қаншалықты кең дәріптеліп жүр?
— Бізге аймақтардан жиі келетін сұраныс ономастикаға байланысты, яғни соғысқа қатысқан әкесі, атасының атын мектепке, көшеге беру жөнінде ұсыныстар көп түседі. Бірақ қазіргі таңда ономастика заңына байланысты тәртіп бар. Жасыратыны жоқ, біраз жыл бұрын осы тәртіптің сақталмай қалғандығы да көрініп жатыр. Әркім өзінің ағайыны, атасы, әкесінің атын тықпалаған, сондықтан бұл тәртіпке қазір үлкен жауапкершілікпен қарап отырмыз. Сол себепті ондай ерен ерлік көрсеткені кейін мәлім болған адамдардың есімдері белгілі болу үшін мұражайларда түрлі жұмыстар жүріп жатыр. Оны іске асырып жатқан — «Ардагерлер ұйымы». Біз атқарушы органдармен, Үкіметпен бұл мәселелерде тікелей жұмыс істеп отырмыз.
— Қазір елімізде ардагерлерге барлық жағдай жасалған ба? Сіздердің ұйым тарапынан қандай қолдау көрсетіледі?
— Жыл басында ҰОС ардагерлерінің саны 126 адам ғана болған, қазір одан да азайып келе жатыр. Мен соңғы 9 жыл осы «Ардагерлер ұйымын» басқарып келемін, осы аралықта барлық ардагерді тұрғын үймен қамтамасыз еттік. Жыл сайын керекті дәрежеде көмек көрсетілді.
Бір үлкен жобаны атап өткім келеді, сол жоба аясында аймақтардағы көмекке мұқтаж ардагерлер сол өңірдегі іскер адамдарға бөлініп берілген. Бұл үкімет көмегі емес, жеке кәсіпкерлер. Алғаш оны Атырау облысында бастадық. Осыдан 2 жыл бұрын Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облысын қостық, тағы 3 облысты дайындап жатырмыз. Осы жоба аясында жағдайы қиын, жасы келген адамдарға көмек көрсетіп отырмыз.