СІМ Гарвардтағы қазақстандық студенттерге қатысты пікір білдірді

АСТАНА. KAZINFORM — СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров АҚШ-та «Болашақ» бағдарламасымен оқып жатқан қазақстандықтар ведомствоның жіті бақылауында екенін айтты.

СІМ Гарвардтағы қазақстандық студенттерге қатысты пікір білдірді
Фото: Әділет Беремқұлов/Kazinform

— Қандай бір жағдай болса, біз олардың басқа оқу орнында білім алуына қамтамасыз етеміз. Өз бетінше білім алып жатқандарға келсек, олар қызмет алушы және қызмет көрсетуші болып өзара келісім жасасқан. Егер ондай студентке аталған ЖОО ұнамаса, ол келісімнен бас тартып, басқа елге келіп оқуын жалғастыра алады, — деді Смадияров ведомствода өткен баспасөз мәслихатында.

Ресми өкіл, сондай-ақ, өз кезегінде университет те біржақты тәртіппен келісімді үзе алатынын атап өтті.

— Бұл олардың жеке келісімі саналады. Олардың қандай келісім жасасқанын мен көрген жоқпын. Өз қалтасынан ақша төлеп отыр, соған сай қызмет алуы керек. Бұл арада біз килігіп, «неге бүйтпейсіңдер» дей алмаймыз, — деді ол.

Еске салсақ, 23 мамыр күні Трамп әкімшілігі Гарвардты шетелдік студенттерді оқыту құқығынан айырды.

Осыдан кейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Гарвард университетінде білім алып жатқан отандастарымыздың жағдайына байланысты пікір білдірді.

30 мамырда Ақ үй шетелдіктердің Гарвардта оқуына салынған тыйымды алып тастады.

Бүгін АҚШ Гарвардтың шетелдік студенттеріне виза беруді қалпына келтіреді.

Соңғы жаңалықтар