СІМ: Иранда – 132, Израильде – 219 Қазақстан азаматы бар
АСТАНА.KAZINFORM – Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыстағы жағдайды ерекше бақылауда ұстап отыр. Бұл туралы СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.

– Аталған өңірдегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қолда бар мәлімет бойынша, қазіргі уақытта Иранда 132, ал Израильде 219 Қазақстан азаматы бар. Дипломаттар отандастарымызбен тұрақты байланыста, – деді Айбек Смадияров.
Оның айтуынша, қазіргі күрделі жағдайда аталған елдерде жүрген азаматтарға аса қажеттілік болмаса, тұрған жерінен шықпауға кеңес беріледі.
– Қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға, қырағылық пен сақтық танытуға, ресми ақпарат көздерінен жаңалықтарды қадағалауға және жергілікті билік органдарының нұсқауларын бұлжытпай орындауға шақырамыз, – деп ескертті СІМ ресми өкілі.
Бұған дейін, Дубайдан қазақстандық туристерді жеткізген екі ұшақ Алматыға қонғанын хабарлағанбыз.