СІМ Максим Галкин концерті жайлы: Халық кімді тыңдайтынын өзі шешеді
Сыртқы істер министрлігі елімізде ресейлік өнер иесі Максим Галкиннің концерті өтпей қалғанына пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ведомстводағы брифинг барысында БАҚ өкілдері Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровқа осындай сұрақ қойды.
Олар Ресей тарапы Қазақстанда Максим Галкиннің концертін өткізбеу жөнінде хат жолдаған деген ақпаратқа түсінік беруді сұраған еді.
«Мен ондай хат жайында алғаш рет естіп отырмын. Тіпті ондай хат болған күннің өзінде концерт ұйымдастыру мәдениет ұйымдарымыздың құзіретіне кіреді. Халық кімді тыңдайтынын, кімді тыңдамайтынын өзі шешеді. Мен өнер, жалпы мәдениет саясаттан тыс болуы тиіс деп есептеймін», — деп жауап берді Айбек Смадияров.
Айта кетейік, осы қазан айында Алматы мен Астанада Максим Галкиннің концерті өтуге тіис болатын. Алайда екі күн бұрын елордадағы «Қазақстан» концерт залында су желілеріне жөндеу жүргізіліп, бүкіл концерттер кейінге қалатыны хабарланды.
Аяқ астынан Алматыдағы Республика сарайы да 1-15 қазан аралығында жөндеуге жабылатын болды.
Естеріңізге сала кетсек, оның алдында әлеуметтік желіде ресейлік тележүргізуші, шоумен Максим Галкиннің Қазақстан билігі өнер жұлдызының Алматы мен Астанада концерт өткізуіне мүмкіндік бермей отырғанын айтқан видеосы тараған болатын.
Астана қаласының мәдениет басқармасының түсіндіруінше 8 қазанда Роза Бағланова атындағы «Қазақстан» орталық концерт залында Максим Галкиннің кешін өткізу жөнінде хат келген.
Бірақ 8 қазанда мұғалімдер күніне арналған концерт өткізілетіндіктен кешті ұйымдастырушыларға басқа күнді немесе басқа ғимаратты таңдау ұсынылған.