Смағұл Сәдуақасовтың мәйітінің күлі елге әкелініп, мұсылман ғұрпымен жерленбек

Бұл туралы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің баспасөз қызметінен хабарлады.
«Алаштың ардақты азаматы С.Садуақасұлының өртенген сүйегінің күлі осыдан 77 жыл бұрын Мәскеудегі "Дон зираты" ("Донское кладбище") бас ғимаратының қабырғасына арнайы ыдысқа салынған күйінде қойылып, осы күнге дейін мұсылманша жерленбеген», - делінген ақпаратта.
Осы орайда және С.Сәдуақасовтың туғанына 110 жыл және дүниеден озғанына 77 толуына орай Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-да «Мемлекеттік қайраткер Смағұл Сәдуақасов және қазақстандық патриоттық: ұлттық идея және жуапкершілік» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция өтеді.
Шараны ұйымдастырушылар ЕҰУ, «Алаш» мәдениет және рухани даму институты, Қазақстан тарихшылар қауымдастығы. Оған ҚР Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, белгілі ғалымдар Ғарифолла Есім, Мәмбет Қойгелдиев, Диқан Қамзабекұлы, Талас Омарбеков, Тұрсын Жұртбай, Әлихан Смайыл, Бекболат Тілеухан, Камал Бұрханов және тағы басқалар қатысып, өз ойларын ортаға салмақ.
С.Садуақасұлы денесінің жат жерде жатқан күлін, біріншіден - мұсылман ғұрпымен жерлеу, екіншіден - Отанына жеткізу мәселесі ең алғаш, 2010 жылдың соңында көтерілді. Бұл қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға. Яғни сүйек қайта жерленуі мүмкін, ал кремациядан (арнайы өртелгеннен соңғы үдеріс) кейінгі сүйектің күлін елге әкелу немесе дәстүрлі діни рәсіммен жерлеу фактісі кездескен емес. Сондықтан да бұл аса маңызды оқиғаға ғалымдар «Аса жауапты, мемлекеттік маңызды шара» деген баға беріп отыр. Осы істің басында жүрген мамандар Смағұл Садуақасұлы сүйегінің күлін жерлейтін екі орынның бірін таңдауды лайықты көріп отыр. Оның бірі - Кенесары сарбаздары мен 30-жылдардың аштық құрбандары жерленген «Жастар» шағынауданы жанындағы мұсылман қорымы. Екіншісі - біраз жұрт «Қабанбай батыр зираты» деп жүрген қаладан 20 шақырым жердегі бейіт-төбенің маңайы.
20 жасында - ұлт жастарының көшбасшысы, 25 жасында білім мен мәдениетті үйлестірген Ағарту министрі болған С.Садуақасұлының атқарған қызметі мен тындырған ісі қазақ қайраткерлігінің эталоны іспетті. Ол қазақ жастарының тұңғыш ұйымы «Бірлік» (1916-1918) пен «Жас азаматта» (1918-1919), Ақмола облыстық Алашорда комитетінде (1917-1920), Сібір төңкеріс комитетінде (1920), Кеңестік Күншығыс ұлттары жастарының орталық бюросында (1920), Қазақ автономиялық республикасының Жастар одағында (1920), Қазақ ОАК төралқасында (1920-1921), Бүкілресейлік ОАК-інде (1920-1921), Семей губернелік төңкеріс комитетінде (1921), Қазақ ОАК Түркістан автономиялық республикасы өкілдігінде (1921), Қазақ автономиялық республикасы Жоспарлау комиссиясында (1923-1924), Халық ағарту комиссариатында (1925-1927), Қазақ педагогика институтында (1927-1928) жауапты да жетекші қызмет атқарды. Жастай саясаттың өтінде жүріп, отаршылдармен күресті.