Смағұлды биліктің кешірмегені – оның ұлт мәселесін өткір қойғандығы- Мәжіліс депутаты Ж. Сүлейменов

АНА. 17 қаңтар. ҚазАқпарат - Азат ойлы алаштың арыстары-ай! Олар ұлт мүддесі үшін құрбан болды. Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы аясында өткен алғашқы шараның бірі - мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, қазақ театрының негізін қалаушылардың бірі - Смағұл Садуақасұлының туғанына 110 жыл, қайтыс болғанына 77 жыл толуына арналған конференция.
None
None

Бұл басқосуды Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, «Алаш» мәдениет және рухани даму институты, Қазақстан тарихшылары қауымдастығы бірлесе ұйымдастырған болатын. Дегенмен айтулы қоғам қайраткерін халқына жақынырақ таныстыруда бір ғана конференциямен шектеліп қалуға болмайтыны анық. Осындай пікірді айтушылардың бірі - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, жазушы Жарасбай Сүлейменов. Ол Смағұл Садуақасұлының қайраткерлігі, елге сіңірген өлшеусіз қызметі жайлы толыққанды әңгімелеп берді.

- Елімізде туғанына 110 жыл толуы аталып өтіп отырған мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Садуақасұлы халқымыз үшін айтулы тұлғаның бірі. ХХ ғасырдың басында елге елеулі еңбек сіңірген қайраткер 27 жасынан бастап қуғынға ұшыраған екен, 33 жасында дүниеден озыпты. Жарасбай Қабдоллаұлы, осы бір тұлға туралы ойыңызды ортаға салсаңыз?

- Халқының болашағы жолында жан беріп, жан алысқан алмағайып заманда күрескен алаштың ардақтылары аз емес. Сол тізімнің басында Смағұл Садуақасұлы тұруы керек деп ойлаймын. Және де Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытов сияқты алаш арыстарын ауызға алғанда, Смағұлдың есімі біреуінен кейін, біреуінен ілгері емес, қатар аталуы керек. Өйткені оның соған лайықты еңбегі, халқына сіңірген қызметі бар. Ғұлама ғалым Шоқан Уәлихановты аққан жұлдыз деп атаймыз ғой, Смағұл да ұлтымыздың аққан жұлдызы. Небәрі 33 жыл ғана өмір сүрген, сол жасқа дейін әр салада ұлан-ғайыр іс атқарған. Жас кезінде-ақ экономикаға араласқан. 25 жасқа толмай тұрып Халық ағарту комиссары болған. Мәдениетті дамытуға атсалысқан, әдебиетке араласқан. Бірнеше кітап жазған үлкен тұлға. Ол 1900 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданына қарасты Жарқын деген ауылда туған.

- Туған жері өмірбаянында әр түрлі жазылып кетіп жүргені байқалады?

- Иә, бір деректерде Смағұлды кейбіреулер Қорған облысында туған деп жазып жіберіпті, енді бірі Омбыға қарасты ауылда туған деп көрсетеді. Бұл жерде нақты анықтап алатын жайт бар. Ол кездегі әкімшілік бөлініс солай болған. Мысалы, Ақмола губерниясының орталығы Петропавл болған. Омбы да, соған жақын аймақтағы басқа мекендер де Ақмола губерниясына қараған. Смағұлдың туған жерін әлгіндей жазып жүргендегінің бір себебі сол.

Ал негізінде С.Сәдуақасовтың туған жері - Жарқын ауылы. Бұл жөнінде маған кезінде осы қайраткердің мұраларын жинастырып, бүгінгі ұрпаққа жеткізген азаматтардың бірі Нұрым Сансызбаев көзі тірісінде айтып берген еді. Нұрым Сансызбайұлы «Отан» орденінің иегері, елімізге танымал қаржыгерлердің бірі болатын. Ол Петропавлдағы облыстық мұражайға Смағұл Садуақасұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты жәдігерлердің қойылуына атсалысты, өзі де кейбір құнды дүниелерді табыс еткен. Біздің қоғамда қайраткердің аты таныла түсуіне ықпал етіп, қаламгерлерге қозғау салып, көп еңбек сіңірген адам еді. Н.Сансызбайұлының Омар деген ағасы Смағұлмен Омбыда бірге оқыған екен. ХХ ғасырдың басында Омбы қаласы руханиаттың орталығы болған ғой.

Қазақ зиялылары Омбыда білім алып, өзара ұйымдар құрып шоғырланған, қоғамдық-саяси істерге араласқан. «Бірлік» атты қазақ жастарының ұйымы құрылған. 16 жасында Смағұл сол ұйымның мүшесі болды. Ол ұйым кейін «Жас қазақ» болып қайта құрылды. Сол кезде «Балапан» деген журнал шығарған. Сөйтіп, Смағұл қаламгерлікке бейімделіп, баспасөздің қыр-сырын меңгере бастаған. Сәдуақасұлының алғашқы өмір мектебі «Бірліктен» басталады. Өзі де саяси-қоғамдық істерге араласқанын еңбектерінде жазады. Ол кезде халықтың сауаттылығы қандай деңгейде екені белгілі. Сондықтан Омбыдан 100 шақырым жердегі қазақ ауылдарына шығып, сол кездегі жағдайды елге түсіндіріп, өздері шығарған газет-журналдағы жарияланған материалдардың мәнін айтып береді. Патшалық Ресейдің ұстанған саясатынан хабардар етеді. Міне, осындай ағартушылық қызмет атқарған.

- Енді ұлт қайраткері ретіндегі қызметіне тоқталсаңыз?

- Смағұлдың елге сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Оны мына бір жайттан да аңғаруға болады. Өзі де қуғынға түсіп, абақтыдан оралған қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабайұлы сол кезде Смағұл Садуақасұлы қайтыс болды дегенді естігенде азалы жыр жазған. Соңғы шумағы:

«...Жас Смағұл үздік туған бала екен,

Байтақ елге асқар таудай пана екен,

Сол баладан, сол панадан айырылған,

Қайран қазақ, орны толмас жара екен»,- деп аяқталады.

Смағұлдан айырылған ел жетім дейді. Мағжан сөздің қадірін білетін адам. Ол жайдан-жай айтпайды. Смағұлдың елге сіңірген еңбегінің ұшан-теңіз екенін бағалап, осылай деп айтқан. Смағұл қайтыс болған соң, қайраткердің сүйегін өртеп, күлін қабырғаға орнатқан ғой. Сонда Мәскеуде өткен жерлеу рәсіміне қатысқан Әлихан Бөкейханның қандай күйде болғаны, жан-жүрегі қан жылап, шөгіп кеткені жайлы қаламгерлер жазған. Жазушы Сәбит Мұқановтың кітабында да сондай мәліметтер бар. С.Мұқанов та сол қасіретті оқиғаны өз көзімен көрген, жерлеу рәсімінде болған.

Смағұлды халықтың құрметіне бөлеп отырған, 60 жыл бойы айтылмаған есімін қайтадан жарыққа шығарып, халқымен қауыштырып тұрған рухани күш - қайраткердің ұлтына деген сүйіспеншілігі, ұлтжандылығы, тіпті ұлтшылдығы. Біз кейде ұлтшылдық деген сөзге үрке қараймыз. Одан қорқатын ештеңе жоқ. Ұлтшылдық - өзіңнің ұлтыңды сүю, ұлтыңның мүддесіне қызмет ету. Ұлтшыл болу басқаларды жек көру емес, кемсіту немесе қорлық жасау емес. Өз ұлтыңның басқалармен терезесі тең болуына атсалысу, өзге жұрттан қалып қоймау үшін қызмет ету. Смағұл, міне, осындай адам болған. Ол қандай істі қолға алса да, алдымен ұлттың мүддесімен байланыстырып отырған. Халықтың мүддесі үшін өзінің тағдырын соған байлап, қызмет атқарған күрескер. Смағұл барлық мәселеге де қазақтың көзқарасымен қараған. Сонысымен де ол Ф.Голощекинге жақпай қалған. Мысалы, сол кезде И.Сталиннің өзі Қазақстанды басқаруға арнайы жіберген Ф.Голощекин келген соң, кіші октябрь саясатын жүргізбекші болады. Ол Сталинге берген ақпаратында Қазақстанда Октябрь төңкерісінің ешқандай белгісі жоқ, бұл жерде қайтадан жүргізу керек екенін хабарлайды. Бұл бастамасы Мәскеуден қолдау табады. Соған орай солақай саясатпен біраз істер жүргізіп, бәрін бүлдіреді. Қазақты малсыз қалдырады. Малынан айырылған қазақ қырылып қалады. Міне, осыны байқаған Смағұл және басқа да біздің бір топ арысымыз Голощекин саясатына ашық қарсы шығады. Өз ойларын айтады.

- Смағұлдың билікпен қандай көзқарастары қайшы келген?

- Айталық, С.Сәдуақасұлы алаштың қайраткерлерін халыққа білім беруге тартады. Оларға оқулықтар шығартады, басқа да еңбектер жаздырады. Соған Голощекин қарсы болады. Смағұл оқу орындарын ашу жөнінде бастама көтереді. Сонда Голощекин: «Қазір Қазақстанға оның керегі жоқ, оқимын дегендер Мәскеуден, Ленинградтан оқып келсін»,- дейді. Сондай-ақ енді бір дау өндіріске байланысты шығады. Смағұл: «Қазақстанда шикізат жеткілікті, оны дамытуымыз керек, ол үшін өндіріс орындарымыз болуы қажет, сонда біздің байлығымыз еселенеді»,- десе, сонда Голощекин: «Оның бізге қажеті жоқ, қалыптасқан бұрынғы өндіріс орындары басқа жерде бар»,- дейді. Келесі бір мәселе қазақ тілін дамытуға қатысты туындаған. Іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу қажет деген мәселе көтерілгенде, Голощекин: «Бұның партия ұйымдарына қатысы жоқ»,- дейді. Смағұл: «Партия ұйымдары халықпен жұмыс істейді, қалай оларға қатысты болмайды? Оларға да қатысты болуы керек!»- дейді. Осындай көптеген мәселелерде олардың көзқарастары үйлеспейді.

Смағұлдың бір жақсы қасиеті ол өзінің ойын әрқашан жазып, халыққа ұсынып отырады. Жастарға арнап мақала жазады. Публицистикалық еңбектері жарық көрген. Ауыл тұрғындарына арнап жазған мақалалары да бар. Ол кезде қазіргідей ақпараттың таралу мүмкіндігі жоқ қой. Сондықтан ол халықтың көзін ашып отырған. Халық ағарту саласында қызмет атқарған жылдары көп еңбек еткен, қазақ мектептерін ашқан. Өйткені қалаларда мектеп болған, бірақ қазақтардың басым бөлігі ауылдарда тұрды. Ал ауылдық жерлерде мектеп өте аз болған. Және де білімді, білікті ұстаздар жетіспеген. Осының бәрін ескеріп, Смағұл мұғалімдер даярлайтын курстар ашқан. Үкіметтің алдына оқу орындарын ашу туралы мәселе қойған. Оқулықтардың сапасын жақсартуға қатысты көп мәселе көтерген. Ол - рухани байлықты дамытуға, халықтың сана-сезімін оятуға көп еңбек сіңірген тұлға. Қазақтың тұңғыш театрын ұйымдастырған. Театр туралы өзі мақала жазып, халыққа түсіндіріп, өнерді насихаттай білген. Сол кездегі астанамыз Қызылорда қаласында театр ашып, сахнада ойнай білуге бейімі бар, қазақтың қабілетті адамдарын тартып, қойылымдардың көрсетілуіне ықпал еткен.

Смағұлдың қаламгерлік қырын да айрықша айтуға болады. Оның қаламгерлік мүмкіндігі өте жоғары болған. «Еңбекші қазақ» ( қазіргі «Егемен Қазақстан») газетін басқарған кезде Бейімбет Майлин және басқа қаламгерлерді редакцияға тартып, басшылық жасаған. Өзі жас болса да, алаштың арыстарына қамқорлық жасап, қуғын-сүргінге түскендеріне, қызметтерінен қуылғанда араша түсіп, жолын тауып, оларға қызмет ұсынып, жанын салып қорғаған адам. Оның осындай керемет қасиеттері бар. Өзі де 28 жасында қуғындалып, елден кетуге мәжбүр болды. Мен қазір ойлаймын, егер ол ұлт мүддесін ойламаса, өзінің жайын ғана күйттеп, бір бағытпен жүрсе, қызметте биікке көтерілер еді. Бірақ ол сол кездегі жағдайды ескеріп, мамандардың тапшылығын, өзі сияқты азаматтардың елдің көзін ашуға қажет екенін біліп, барлық мәселеге араласып отырған.

- Смағұл Садуақасұлы 33 жасында жұмбақ жағдайда қайтыс болған деп жазады. Ол туралы қандай мәліметтеріңіз бар?

- Ф.Голощекин Өлкелік партия комитетінің пленумында, оның бюро отырысында С.Сәдуақасұлын талқыға салып, қыр соңына әбден шырақ алып түседі. Смағұл Ташкентке барып, институтқа басшылық жасайды. Ол жақтан да тыныш жүргізбей қудалап, 1928 жылы Мәскеудегі жол құрылысы институтына оқуға түседі. 1932 жылы осы оқуды бітірген соң, И.Сталиннің өзінің жеке ұйғарымымен Қазақстанға қайтуына тыйым салынып, сол жақта қалып, Мәскеу-Донбасс жолында қызмет істейді. Бұрын ауырмаған адам. Зайыбы әйгілі қайраткер Әлихан Бөкейханның қызы ғой. Сол зайыбы да, Смағұлмен араласқан басқа жолдастары да өздерінің естеліктерінде сол кездегі НКВД қастандық жасағанын айтып, жазған. Қастандықтың нақты қалай жасалғанын ешкім айта алмайды. Олардың құпия әрекеті күшті ғой. Сап-сау жүрген адамның аяқ астынан қазаға ұшырауы жұмбақ күйінде қалып тұр.

- Кейінгі ұрпақ зерттеу жүргізіп, біліп қалар деген оймен сүйегін де өртеген шығар?

- Ондай күмәні бар екенін айтатындар да аз емес. Сүйегін отбасына қайтармай, ешкімге бермей, әдейі өртейтін пеште жағып, күлін сақтап қойған. Ол кісіге әйтеуір бір қастандықтың жасалғаны анық. Өйткені сол кездегі оқиғалардың желісі осындай ойға жетелейді. Тіпті қайтыс болғаны Қазақстанға хабарланбаған ғой. Газеттерге қазанама мәтіні берілмеген. Тек «Известья» газетінде ғана хабар шыққан екен. Онда өзінің бір топ жолдастары қол қойған. Сол қазанаманың соңында «Ұлт мәселесінде қателіктер жіберді» деген сөз бар. Оны сол кездегі саясат әдейі жаздыртып отыр. Смағұлды биліктің кешірмегені - оның ұлт мәселесін өткір қойғандығы. Халқымыз үшін өкініштісі - оның жарқын ғұмырының Мәскеуде қайғылы аяқталғаны.

- Осындай ұлтымыздың батыр тұлғасы, алаштың арысы Смағұлдың есімін туған халқы мәңгілік есте сақтауы үшін не істеу қажет? Сіздің қандай ұсыныстарыңыз бар?

- Бұл қайраткер қандай құрметке де лайық. Қазіргідей тәуелсіздігімізді қалыптастырып жатқан тұста, қазақ ұлттық мәдениетін өркендетіп, Қазақстанның жаңа азаматын қалыптастырамыз деп жатқан қоғамда осындай тұлғалардың өнегесімен жастарды тәрбиелеу, өскелең ұрпаққа оның өмірі мен қайраткерлік жолын үлгі ету ең бір дұрыс жол деп ойлаймын. Осы күнге дейін С.Садуақасұлының мұраларын дұрыс насихаттай алған жоқпыз. Ол кісіні көпшілік әлі де толық біле бермейді. Оны зерттеп жүрген бірен-саран ғалымдар ғана жақсы біледі. Смағұлды елдің тарихындағы, қоғамдағы орнына лайықтап, өз тұғырына қондыру керек. Смағұлдың атында көше болса да, театрға есімі берілсе де, артық емес. Жоғарғы оқу орнына есімін беруге болады. Астана, Алматы, Петропавл қалаларында ескерткішін қойсақ, игілікті іс болар еді. Петропавлда оның есіміне берілген көше жоқ. Солтүстік өңірде де оны танып-біліп жатқандар аз. Астанада соңғы жылдары бір көше берілді. Ол аздық етеді. Жаңа ашылып жатқан мектептерге есімін беруге болады. Смағұлдың есімі биліктің де, халықтың да аузында жүруі керек. Еңбектерінің таралымын ұлғайтып қайта шығарғанымыз жөн. Көркем және деректі фильмдер түсірілуі қажет. Оны ел-жұртқа кеңірек таныстырғанымыз абзал.

Смағұл 1925 жылы мынадай ойды айтқан ғой. «Жалпы қазақ - қазақ болуы үшін, жақсы дамыған жеке мемлекет болуы үшін ұйысып тұруы керек. Бірыңғай бір жерге шоғырлануы керек» деген. Оған қолайлы жер деп осы Ақмола өңірін айтқан екен. Оны көріпкел деп қалай айтпайсың? Елдің бүгінгідей заманға келетінін білгендей жол сілтеген сияқты. Қазір Астана болғалы еліміздің әр өңірінен жиналған адамдар осы жерге шоғырланып отыр ғой. С.Садуақасұлының әлі де зерттейтін еңбектері көп. Оны зерттеу керек. Оның педагогика, әдебиет саласына қатысты еңбектері көп. Ол жан-жақты, сан қырлы адам болған. Мұраларын дұрыс пайдалана алсақ, тәуелсіз еліміздің дамуына, руханият байлығымыздың алға басуына көп пайдасы тиеді.

- Елін сүйген және сол жолда ғұмырын қиған қайраткер туралы келелі ойларыңызды ортаға салғаныңызға рақмет.

Соңғы жаңалықтар