«Smart Zholy»-ның жеңімпаздары анықталды

Биылғы іріктеуден 20 команда (Оtbasy, Smartremont, Opera Build, Metrobot, Sagrad Forms, Pythonist, Easy Sales, BIM Cost, Q Bit, MobyDev, Foxout, Tastamat, Turaqshare, Botbek, Maintender, Verigram, KPRG, GoCode, We'Q, Biometric) өткен болатын. Ал ақтық сында әділ қазылар алқасы үздік 10 команданы анықтады. Олар - «Sagrad Forms», «Opera Build», «Turaqshare», «Pythonis»t, «Tastamat», «Verigram», «Biometric», «Otbasy» және «Q-Bit», «GoCode». Аталған командалар 23-24 мамыр аралығында Сингапурде өтетін Echelon Asia Summit стартап-алаңында өз жобаларын Азияның алдыңғы қатарлы венчурлық қорлары мен корпорацияларына таныстыратын болады.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев та қатысты.
«Smart Zholy» - дүниежүзінің озық мемлекеттеріндегі бірегей бағдарламалардың бірі. Қазір Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қорының бастамасымен бірнеше бағыт бойынша стартаптар сәтті жүзеге асырылып жатыр. Smart Zholy «ертеңі ертегідей елорда» деген тіркестің қалыптасуына да өз ықпалын тигізді. Ең бастысы, еліміздің әр аймағындағы зерек әрі ойлы жастарымыз үшін үлкен мүмкіндік беріліп отыр. Өйткені осы байқау Қазақстан жастарының жобаларын халықаралық аренаға шығаруға жол ашады. Биылғы Жастар жылында біздің жас дарындарымыз өздерінің стартаптарын әлем нарықтарына шығарып жатса, өте жарасымды болар еді. Сондықтан жоба финалистерін шын жүректен құттықтай отырып, тәуелсіз еліміздің озық идеяларын Сингапурда таныстырып, одан әрі әлемге танытуларына тілектеспін», - деді Д.Абаев.
Айта кетейік, «Smart Zholy» бағдарламасы - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының 2017 жылдан бері іске асырылып келе жатқан жобасы. Ол жастарға жаһандық нарыққа шығуға мүмкіндік беретін бірегей алаң. Алғашқы жылы жобаға Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды және Павлодар қалаларының стартаперлері ғана өз жобаларын ұсынды. Ал 2018 жылы бағдарлама 14 облыстық орталықтарымен қатар Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларын қамтыды. Жалпы, үш жылда қатысушылардан 230 өтінім келіп түсті. 2017-2018 жылдары 18 қазақстандық команда Сингапурда өздерінің жобаларын халықаралық деңгейде таныстыруға мүмкіндік алды.
Биылғы сайысқа еліміздің барлық қалаларынан жастар қатысты. Өтінім 60-тан астам командадан, яғни 250-ден астам адамнан келіп түсті. Себебі әр команданың құрамында 2-5 адам болуы шарт. Барлығы ағылшын тілінде еркін сөйлеуі тиіс. Осы жолғы жобалар жасанды интеллект, құрылыс процестерді систематизациялау, корпоративті және софтверлік шешімдер сияқты салаларды қамтиды.