Қазіргі студент бұрынғыдан өзгерек: оқытушылар не дейді
Соңғы он жылда университет аудиториясы қаншалықты өзгерді? Бүгінгі студент бұрынғыдай ұзақ дәрісті тыңдап, көлемді мәтінді оқуға дайын ба? Әлде смартфон, әлеуметтік желі мен қысқа видеолар ақпаратты қабылдау тәсілін де өзгертті ме?
Бұл мәселе кейінгі жылдары әлемде жиі талқыланып жүр. Америкалық әлеуметтік психолог Джонатан Хайдт 2024 жылы жарық көрген «The Anxious Generation» («Мазасыз ұрпақ») кітабында негізгі бетбұрысты 2010 жылдардың басымен байланыстырады. Оның пайымдауынша, смартфон мен әлеуметтік желінің жаппай таралуы жасөспірімдердің қарым-қатынасын виртуалды кеңістікке көшіріп, ұйқы, зейін, жалғыздық пен әлеуметтік салыстыру сияқты мәселелерге әсер етті.
Дегенмен бұл тұжырым ғылыми ортада біржақты қабылданбайды. Бірқатар зерттеуші жастардың психикалық денсаулығы мен смартфон қолдану арасында байланыс болуы мүмкін екенін мойындағанымен, оны тікелей себеп-салдар ретінде көрсетуге дәлел жеткіліксіз деп санайды.
Ал Қазақстан университеттерінде не өзгерді? Мұны студенттердің бірнеше буынын көрген оқытушылар қалай бағалайды?
Қазіргі студент ақпаратты қалай қабылдайды
Әлеуметтанушы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы Нұрлан Байғабылов өзгерістің анық байқалған кезеңін 2010 жылдардың ортасымен байланыстырады. Оның айтуынша, смартфон мен мобильді интернеттің жаппай таралуымен басталған үрдіс пандемия кезінде күшейген.
– Бұған дейін студенттер терең талдауға бейім болса, қазіргілер визуалды және фрагменттік, яғни клиптік қабылдауға жақын. Олар ақпаратты терең меңгеруден гөрі жылдам сүзгіден өткізуге бейім. Зейін ұзақтығы қысқарған, дәстүрлі монологтық дәрістер студенттер аудиториясын ұстай алмайды, - дейді ол.
Бірақ әлеуметтанушы мұны қазіргі студенттің білімге ынтасы төмендеді деп бағалауға болмайтынын айтады.
– Бұл – жастардың «нашарлап» немесе «білімге ынтасының төмендеп» кеткенін білдірмейді. Бұл – медиаэкологияның өзгеруіне байланысты қалыптасқан жаңа қабылдау стилі. Олар ақпаратты басқаша өңдейді, басқаша сұрыптайды және басқаша сіңіреді, - дейді Нұрлан Байғабылов.
Оның пікірінше, бұған тек смартфон мен әлеуметтік желі әсер етіп отырған жоқ. Еңбек нарығындағы өзгеріс, білім алудағы прагматизм және өмір қарқынының жылдамдауы да жастардың ақпарат тұтыну әдетін өзгертіп жатыр.
30 жылда аудитория қалай өзгерді
Мұндай өзгерісті М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің аға оқытушысы Айгүл Насимуллина да күнделікті аудиториядан байқап жүр. Ол университетте 33 жылдан бері сабақ береді және осы уақыт ішінде студенттердің бірнеше буынына сабақ берген.
Оның айтуынша, 1990 жылдардың соңы мен 2000 жылдардың басындағы студенттер көбіне тұйық, оқытушы сұрамаса өз пікірін айтуға асықпайтын. Қазіргі жастар әлдеқайда ашық әрі мектептен жақсы дайындықпен келеді. Әсіресе, бұл айырмашылықты өзі беретін ағылшын тілі пәнінен байқауға болатынын айтады.
– Студенттердің білім деңгейі артты. Әсіресе ағылшын тілінде сөйлей біліп келеді. Бұрын көпшілігі тілді меңгермей келетіндіктен, бастапқы деңгейден, дәстүрлі әдіспен оқытатын болсақ, қазір көпшілігі ағылшын тілін мектептен жақсы меңгеріп келеді, - дейді Айгүл Насимуллина.
Бірақ оқытушының айтуынша, бір дағды жақсарғанымен, екіншісі әлсіреген.
– Кітап оқуға қызығушылық, кітап оқуға деген құлшыныс мүлдем жоқ деуге болады. Мұның әсерін студенттердің сөйлеуінен де байқап жүрміз. Бұрын мектепте тарих, география, әдебиет сияқты пәндерді ауызша айтып, көлемді шығарма жазудың өзі сөйлеу дағдысын қалыптастыратын еді. Қазіргілерде тек осы салада ізденіп, жұмыс істеп, оқып дағдыланғандары болмаса, көпшілігінде сөйлеу дағдысы қалыптаспаған. Ағылшын тілінде сөйлесе де, қазақ тілінде ойын қорытып, әдемілеп, шебер тілмен жеткізе алмайды. Өйткені кітап оқу азайды. Өздігінен ойымен эссе, шығарма жазуы азайды, - дейді оқытушы.
Бұл аудиториядағы пікірталас сабақтарына да әсер еткен. Оның байқауынша, студенттер өздігінен сұрақ қоюға немесе күтпеген жерден сөз алып, ойын бірден жеткізуге қиналады.
– «Сен сұрақ қоюға дайындал» демесең, өздіктерінен сұрақ қоймайды. Қазіргі студенттер міндетті түрде 10-15 минут қайталап, дайындалып алмаса, сөйлемейді. Әрине, үш-төрт студент шығуы мүмкін. Бірақ көпшілігінде аяқ астынан сөйлеп кету жоқ, - дейді ол.
Сонымен қоса Айгүл Насимуллина студенттердің мінезі мен оқытушымен қарым-қатынасында да айырмашылық барын байқайтынын атап өтті. Оның сөзінше, қазіргі жастар сезімталдау, сондықтан олармен сөйлескенде сөзге де мән беруге тура келеді.
– Қазіргі студенттердің қызығушылығы басқа. Кейде жай ғана «қажет», «міндетті» деген талаптың өзін ауыр қабылдайтындары бар. Бір сөзді көңіліне алып, мұңайып қалатын студенттер көбейді. Сондықтан қазір олармен қарым-қатынаста өте сақ болуға, сабақты да соған қарай жүргізуге тура келеді, - дейді Айгүл Насимуллина.
Смартфон оқу процесіне қалай әсер етіп отыр
Бұдан бөлек оқытушылар смартфонды студенттің зейінін бөлетін құрал ретінде ғана қарастыруға болмайтынын айтады. Айгүл Насимуллинаның пікірінше, ол қазір оқу процесінің бір бөлігіне айналған.
– Қай жағынан алғанда да, смартфонсыз қазіргі кезде сабақты елестету мүмкін болмай қалды. Біздің өзімізге де, студентке де. Ақпаратты жылдам аламыз. Менің дәрісімде қамтылмаған жайттарды олар толық зерттеп, қарап айтып келеді. Керемет слайдтар мен презентациялар жасап, семинар сабақтарын жандандыруға мүмкіндік береді, - дейді ол.
Алайда дайын ақпаратқа қолжетімділік студенттің өздігінен еңбектенуіне де әсер етіп отыр. Мұны оқытушы ChatGPT секілді жасанды интеллект құралдарынан байқап жүргенін жеткізді.
– Баяғы біздер сөздікпен, үлкен қалың сөздіктермен жұмыс істеп, оқып, аударып өскен ұрпақпыз. Ал бұлар оп-оңай ChatGPT арқылы аудара салады. Өздіктерімен еңбектеніп жұмыс істеу жағы әлсіреді. «Дайын асқа тік қасық» қалыптасып отыр, - дейді Айгүл Насимуллина.
Нұрлан Байғабылов та жасанды интеллект студенттің ақпарат іздеу жолын өзгерткенін айтады.
– Бұрын студенттер ақпаратты іздеуге, әдебиеттерді сұрыптауға уақыт жұмсаса, қазіргі студент дайын жинақталған жауапты жылдам алуға бейім. Бұл ақпаратты өздігінен қорыту дағдысын бәсеңдетуі мүмкін. Бірақ ЖИ-ді көмекші ретінде пайдаланып, дұрыс сұрақ қоя алатын және алынған ақпаратты сыни тұрғыдан өңдейтін студенттерде жаңа интеллектуалдық дағдылар да қалыптасып келеді, - дейді әлеуметтанушы.
Университет бағдарламасы өзгеруі керек пе
Студенттің ақпаратты қабылдауы өзгерсе, университеттегі сабақ беру тәсілі бұрынғы күйінде қала ала ма?
Айгүл Насимуллина оқытушылардың қазірдің өзінде аудиторияға бейімделіп жатқанын айтады. Сабақ белсенді әрі тартымды өтуі үшін студентке дайындалуға уақыт беру, оны сөйлету, тапсырмаларды соған қарай құру қажет.
– Осындай ұрпақ қалыптасқандықтан, біз де оқыту тәсілін соған қарай бейімдеп жатырмыз. Силлабусты да соған сай құрамыз. Аудиторияда сабақ белсенді әрі тартымды өтуі, оқытушы мен студент арасында байланыс болуы үшін олардың өздігінен ойлану, зейін қою дағдыларын ескереміз, - дейді Айгүл Насимуллина.
Ал Нұрлан Байғабыловтың пікірінше, бұл жерде екі бағыттың бірін таңдаудың қажеті жоқ. Университет ақпаратты жеткізу тәсілін қазіргі студентке бейімдеуі керек, бірақ білімнің мазмұнын жеңілдетпеуге тиіс.
– Университет қазіргі студенттің қабылдау ерекшелігін ескеруге мәжбүр. Дәстүрлі монологтық дәрістерді интерактивті форматқа, микро-үйрену элементтеріне, визуалды кейстерге және проблемаға бағытталған оқытуға ауыстыру қажет. Бірақ университет студенттің клиптік қабылдауына толығымен жығылып кетпеуі тиіс. Жоғары білімнің негізгі миссиясы – терең ойлау, ұзақ мәтінді талдау, когнитивті шыдамдылық пен сыни көзқарасты дамыту, - деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Kazinform жасанды интеллектінің Қазақстандағы жоғары білімге қалай әсер етіп жатқанын жазған еді. Материалда ЖИ-ді оқу процесі мен ғылыми зерттеулерде қолдану, студент білімін бағалау және оқытуды әр студенттің қажеттілігіне қарай бейімдеу мәселелері қарастырылды.