Смартфондардың «сұр» импортынан Қазақстан 100 млрд теңгеден астам қаржы жоғалтты – министр

АСТАНА. KAZINFORM – Ресми сауда арналарын айналып өту салдарынан смартфондардың импортынан Қазақстан 100 млрд теңгеден астам шығынға ұшырады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәлім етті. 

Смартфондардың «сұр» импортынан Қазақстан 100 млрд теңгеден астам қаржы жоғалтты – министр
Фото: freepik.com

– Біз бағаға әсер етпейміз. Бұл ретте, ресми дилерлер және дистрибьюторлар «сұр» нарыққа қарсы күресте көмек сұрады. Олардың пікірінше, реформа смартфондар бағасының өсуіне әкелмейді. Өйткені бұл заңды нарықта сауда жасап жүргендердің өздеріне тиімді. Смартфондар ашық түрде импортталғандықтан, олардың кірісі артады, - деді Ж. Мәдиев Астана халықаралық форумында тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның сөзіне қарағанда, министрліктің талдауына сәйкес, реформа басталғанға дейін мобильді құрылғылардың шамамен 75 пайызы елге бейресми түрде жеткізілген. 

– Бұл жағдай ел бюджетіне 100 млрд теңгеден астам қаражаттың түспеуіне ықпал етті. Сондықтан жағдайды түзету қажет деп есептейміз, - деді министр.

Еске салайық, жыл басында елімізде абоненттік құрылғылардың «ақ», «сұр» және «қара» тізімі пайда болатыны туралы хабарлаған болатынбыз. 

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі смартфондарды тіркеудің жаңа ережесіне қатысты түсінік берді.

Соңғы жаңалықтар