Смирноваға қысым көрсеткендерді сот арқылы жазалаймыз — Магеррам Магеррамов
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов партияласы Ирина Смирнованың Қазақстанда Ресейдегідей «шетел агенті» ұғымын енгізу туралы бастамасынан кейін туындаған дауға байланысты мәлімдеме жасады.

— Мәжілістің өткен отырысында Қазақстан Халық партиясы фракциясының депутаты Ирина Смирнова елімізде шетелдік агенттер туралы заң қабылдау туралы бастама көтеріп, депутаттық сауал жолдады. Ұсыныстың мәні шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне ашықтық белгілеу еді. Мұндай заңдар сол АҚШ, Франция, Австралия және басқа елдерде бұрыннан бар. Әріптесіміздің бұл бастамасы жауапты патриот азаматтардың қолдауына ие болды.
Сонымен бірге бұл сауал белгілі бір адамдардың өте агрессивті реакциясын тудырды. Депутаттың сыртынан жалған, ашық қорлау және қорқыту әрекеттері басталды, — деді ол.
Депутат бұл әрекеттерді партия аяқсыз қалдырмайтынын ескертті.
— Ол әрекеттерді ұйымдастырушылар ұзақ уақыт бойы USAID сияқты шетелдік ұйымдардан қаржы алған, әлі де алып жүрген болуы мүмкін екені айтылып жатыр. Тіпті шет мемлекеттерден тікелей алулары да мүмкін. Көпшілік алдында өзін ақтау үшін хакерлерге сілтеп жатқандардың әрекеті екіұдай әсер қалдырады. Депутатты қорқыту әрекетін шетелдік демеушілердің тапсырысы ма деп ойлауға да болады. Біз құзыретті органдарды заң мен құқықтық тәртіп қағидаттарын бұзудың барлық әрекеттерін үзілді-кесілді тоқтатуға шақырамыз. Қазақстан Халық партиясы сот тәртібімен әділдікке ұмтылады, Парламент Мәжілісінің депутаты И.Смирнованың атына жасалған қорлау жазасыз қалмайды, — деді Магеррам Магеррамов.
Еске салсақ, Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова Премьер министрдің атына елімізде шетелдік агенттерге қатысты заң керектігін айтып, сауал жолдаған еді.