Снежана Кашкарова ауыр атлетикадан Азия чемпионы атанды

АСТАНА. KAZINFORM - Астанада өтіп жатқан ауыр атлетикадан жасөспірімдер, жастар және қыздар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы алғашқы медалін жеңіп алды.

Снежана Кашкарова
Фото: ҚР Ауыр атлетика федерациясы

48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде (А тобы) сынға түскен Снежана Кашкарова жұлқа көтеруде 69 келіні бағындырып, қола жүлдеге ие болды. Ал серпе көтеруде ол 82 келіні еңсерді.

Айта кетейік, чемпионат 4-10 шілде аралығында Qazaqstan спорт кешенінде өтеді.

Құрлықтық додаға Өзбекстан, Қытай, Үндістан, Вьетнам, Таиланд, Оңтүстік Корея, Кувейт және Азияның өзге де 25 мемлекетінен 300-ден астам спортшы келді.

Ал Қазақстан құрамасы жарысты ұйымдастырушы ел ретінде толық құраммен жүлде үшін бақ сынайды. Олардың арасында 2024 жылғы Дохадағы (Қатар) Азия чемпионатының және жақында өткен әлем біріншілігінің жүлдегерлері де жарыс жолына шығады.

Жүлделер U17 және U20 жас санаттары бойынша сарапқа салынады.

Жарыс Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) ережелеріне сәйкес өтеді. Дүбірлі додада 17-20 жас аралығындағы спортшылар жұлқа көтеру, серпе көтеру және қоссайыс бойынша сынға түседі.

Соңғы жаңалықтар