Соғыс кезіндегі Шығыс Қазақстан: Көшірілген кәсіпорын, тылдағы тынымсыз еңбек
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Сұрапыл соғыста жеңіс жалауын желбіретуімізге Шығыс Қазақстан облысының сіңірген еңбегі, қосқан үлесі орасан. Себебі қан майданда жауға атылған әрбір үшінші оқ осында құйылған.

КСРО-ның 300-ден астам кәсіпорны өңірге көшіріліп, халық тынбай, сіңбіруге де мұршасы болмай жұмыс істеді. Kazinform тілшісі бұл мақалада ҰОС жылдарындағы Шығыс Қазақстандағы ахуалға үңіліп көрді.
Қорғасынның қырық пайызы өндірілді
Ұлы Отан соғысы жылдарында Шығыс Қазақстан облысының құрамына 4 қала, 15 аудан мен 184 ауыл кірген.
Жалпы саны 537 мыңнан астам халқы болды. Оның 134 мыңы қалаларда тұрған. Өңір аумағында 528 колхоз, 7 совхоз жұмыс істеді.
Бұл тарихи деректер жинақталған кітаптар мен басылымдар О.Бөкей атындағы Өскемен қалалық кітапхананың қорында сақталып тұр.

Соғыс қарсаңында облыста 150-ден астам өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істеп тұрды. Оның ішінде Лениногор қорғасын және Ертіс мыс қорыту зауыттары, Лениногор, Сокольный, Зырян, Белоусовка кеніштері, Ленинград, Зырян байыту комбинаттары сияқты ірі кәсіпорындар болды. Ертіс өзенінде бірінші су электр стансасының құрылысы басталып жатқан. Бұдан бөлек, өңірдегі өңдеу, тамақ және жеңіл өнеркәсіптік кәсіпорындардың саны 100-ге жуықтайтын. Ал 1941 жылдан Шығыс Қазақстанның өнеркәсібі әскери қажеттіліктерге ауыстырылды. Біздегі кәсіпорындар КСРО-дағы қорғасынның 40 пайызын өндірді. Жауға атылған әрбір үшінші оқ осында құйылған. Облыс халқы майданды азық-түлікпен, киім-кешекпен, техникамен қамтамасыз етті, — дейді руханият ошағы директорының орынбасары Жанат Жиенбекова.

Соғыс басталғанда Шығыс Қазақстанға КСРО-ның 300-ден астам кәсіпорны көшірілді.
Оның ішінде мотор жөндеу және электротехника зауыттары болды. Олар әскери қорғаныс өнімдерін, оның ішінде оқ-дәрілер мен жабдықтарды шығарып отырды.
Тек қалада емес, ауылдарда да халық жаппай еңбек етті. Қыз-келіншектер шұлық, қолғап тоқып, майданға жіберіп отырды.

Сол кездегі зауыттардың бірі — Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты қазіргі «Казцинк» ЖШС.
— 1942 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде «Электроцинк» зауытының негізгі жабдықтары Орджоникидзе қаласынан (қазіргі Владикавказ) Өскеменге көшірілген болатын. 1943 жылы жаңа зауыттың құрылысы басталды. Ал 1947 жылы 25 қыркүйекте алғашқы электролиттік мырыш өндірілді. Біздің компания сол бұрынғы Өскемен металлургиялық комбинатының мырыш зауыты, — деп хабарлады компанияның баспасөз қызметінен.
Облыс музейлерінде соғыс кезіндегі кәсіпорындарда түсірілген сурет жоқ. Себебі ол кезде фотоға түсіруге қатаң тыйым салыныпты. Десе де Казцинк мұрағатында бірнеше сурет сақталған екен.

Отан үшін от кешкендер
Соғыстан кейінгі жылдары Шығыс Қазақстанның тумасы, жазушы Анатолий Иванов «Вечный зов» атты роман жазған. Онда тылдағы ауыр еңбек, қатал климат, жұмыс күшінің, тамақ пен киім-кешектің тапшылығы нақпа-нақ суреттеледі.
Ал шығысқазақстандық жауынгерлер туралы «Боздақтар» кітабындағы деректерге сүйенсек, өңірден 182 604 адам (Ол кезде Абай облысы ШҚО құрамында болған — авт. ескертпесі) соғысқа алынып, оның 95 870-і қаза тапты.
Тек соғыстың 4 айында сегіз әскери комиссариатқа 2471 адам майдан шебіне өз еркімен аттануға өтініш түсірген. Оның ішінде 194-і әйелдер.
— Біз соғыс кезіндегі облыстағы ахуал мен жерлес майдангерлер туралы ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Өңір тұрғындары әскерлердің барлық дерлік бөліміне шашырай қабылданды. Түрлі шайқастарға қатысып, нағыз қаһармандық көрсетті. Мысалы, Брест қамалын қорғаушылардың арасында Шығыс Қазақстаннан жүзден астам адам болды. Олардың көбісі ақтық демі қалғанша шайқасып, жау шабуылын тойтарып барып көз жұмды, — дейді Жанат Жиенбекова.

Қазақстанда құрылып жатқан әскери бөлімдерге шығысқазақстандықтар да көптеп алынды. Ұлы Отан соғысы жылдарында барлығы 20-дан астам дивизия мен 50-ге жуық жеке құрам жасақталған.
Мысалы, 238-ші атқыштар дивизиясының қатарын Алматы, Семей, Өскемен қалаларының жауынгерлері толтырған.
Адам қаны судай аққан соғыста анталаған жаумен аянбай шайқасқан 63 шығысқазақстандыққа Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. 45 мыңнан астам жауынгер түрлі ордендермен және медальдармен марапатталды.
Ерен ерлігімен көзге түскендердің қатарында Ізғұтты Айтықов (1922-1944), Владимир Мыза (1915-1944), Қасым Қайсенов (1918-2006), Құмаш Нұрғалиев (1925-1988), Төлеген Тоқтаров бар.

— Новгород облысы Староруск ауданы Бородино селосы үшін болған ұрыстарда 8-гвардиялық Панфилов дивизиясының 23-гвардиялық атқыштар полкінің пулеметшісі Төлеген Тоқтаров ерекше көзге түсті. Ал Курск шайқасында Ұлан ауданының тумасы, гвардия аға сержанты Хамза Мұхамадиев қаза тапқан взвод командирінің орнына басшылықты өзі қолға алады. Оның жауынгерлерді шебер үйлестіруінің арқасында жау жүздеген танкісінен айырылған. Хамзаның өзі танкке қарсы қаруды қолға алып, сегіз танкті жойған. Ленинград түбіндегі жан алысып, жан беріскен айқастарда Максим Южаков ерлік жасады. Ол аранынан ажал атқылап жатқан жау дзотын кеудесімен жауып, талай қаруласының өмірін сақтап қалды. Осы ерлігі үшін 1-дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған, — деп жазылған «Боздақтар» кітабында.
Партизан жазушы Қасым Қайсеновті таныстырып жатудың өзі артық болар. Ал Ізғұтты Айтықов Ұлан ауданы Ұранхай ауылының тумасы.

1942 жылы соғысқа аттанып, Калинин, Курск, Волгоград облыстарын азат етуге қатысқан. Бір өзі 50-ге жуық фашистің жанын жәһаннамға аттандырып жіберген батыр 1944 жылы майдан даласында қаза табады.
Дәл жанынан жарылған снаряд екі аяғы мен бір қолынан айырып, дәрігерлер 12 ота жасап аман қалған Құмаш Нұрғалиев жайлы ардагер журналист Уәлихан Тоқпатаев қалам тербеген.
Оның соғыстан кейінгі жылдарын ұстаздық жолға арнаған батыр жайлы «Тұлға» атты мақаласында мынадай үзінді бар:
— Құмаштың бейбіт өмірдегі жолының да бұралаңы көп. Сармөңкедегі мұғалім кезінен бастап Боран орта мектебінің отыз жыл директоры болған тұстарға дейін небір айтыс-тартысты, жазу-сызуды бастан кешірді. «Қол-аяғының жоқтығын бұлдап, үкімет басшыларының алдына көлденең түсіп жатып алады, содан зәрезап болған олар мектебіне керек-жарақты сонау қиырдан алғызады. Құлқыны зор, бас пайдасын ғана ойлайды» деген сумаңдаған сөзді де естіген көзі тірісінде. Сан мәрте тергеп-тексерілді. Қылмысы болса сотталып кетпей ме?! Құмаш мектебі Одаққа әйгіленді. Үкімет мүшелері, министрлер өздері келді мәрттікке бас иіп. Ата-ана мен шәкірт жүрегіне иненің жасуындай дақ түскен жоқ. Еңбек Қызыл Ту, Ленин ордендерін халқы тақты оның өңіріне, Халық мұғалімі атанды. Нұрғалиевсіз мұғалімдер съезі өтпейтін болды. Сүйегі сол мектептен шыққанда Құмекеңнің қадірін халқы түсінген, бүкіл аудан болып күңіреніп, аза тұтқан.

Сұрапыл соғыстағы батыр бабаларымыз бен тындай еңбектенген тыл еңбеккерлерінің тартқан тауқыметі мен көрген бейнетін елестетудің өзі қорқынышты. Сондықтан олардың ерлігі еш ұмытылмауға тиіс.
Еске сала кетейік, бұған дейін біз Талғат Бигелдинов жайлы туыстарының естеліктерін жариялаған едік.