Соғыс жаңғырығы: Атырауға майданда қаза тапқан жауынгердің сүйегі жеткізілді

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау қаласына Әуе қорғанысы күштерінің арнайы әскери-көліктік ұшағымен Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан қазақстандық жауынгер Қисым Әдиевтің сүйегі жеткізілді. 

Атырау
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Салтанатты рәсімге Қорғаныс министрлігінің, қалалық әкімдіктің, қорғаныс істері жөніндегі департаменттің өкілдері және «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушылары қатысты. 

1942 жылы хабар-ошарсыз кеткен Қисым Әдиевтің сүйегін «Феникс» жасағының іздеушілері Смоленск облысы Темнин ауданы Батюшково ауылынан тапқан болатын. Ол жау оғынан көз жұмған. 

– 1911 жылы туған Қисым Әдиевті медальоны арқылы анықтай алған. Бастысы қызыләскердің туыстарының тез табылғаны қуантады. Біз қаза тапқан жауынгердің ұлы Сембай Қисымовқа әкесінің «Шагнувший в бессмертие» медалін қоса табыстадық, - деп атап өтті Аtamnyn Amanaty қоғамдық бірлестігі баспасөз қызметінің басшысы Әбубәкір Смайылов.

Атырау
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Қисым Әдиев 80 жылға жуық уақыт хабар-ошарсыз кеткендер тізімінде болған. Ол майданға кеткенде артында әйелі мен ұлы Сембай қалыпты.

– Менің екі жасымда әкем майданға кетіп, қайтып оралмады. Іздеушілер мен Atamnyn Amanaty қоғамдық бірлестігіне алғысым шексіз, - деді Сембай Қисымов.

Жауынгерлік дәстүрге сәйкес қызыләскердің сүйегі мен дулыға, медальон секілді жеке заттары туыстарына табыс етілді. Енді сарбаз туған жерінде әскери құрметпен қайта жерленеді. 

Соңғы жаңалықтар