Соғыс жылдары ШҚО газеттерінде қандай мақалалар жазылған

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Екінші дүниежүзі соғысы басталғанда Шығыс Қазақстанда қанша газет болды? Жалпы 1941-1945 жылдары облыстағы басылымдар қандай ақпарат таратты, нендей тақырыптарды қаузады? Kazinform тілшісі кітапханаларға, архивтерге барып, тарих сырын ішіне бүгіп жатқан газет беттеріне үңіліп көрді.

а
Фото: Талғатжан Мұхаметбекұлы / Kazinform

Соғыс басталған жылы өңір бойынша бір облыстық, 19 қалалық және аудандық газет болған. Облыстық газеттің атауы — «Алтай большевигі» (орысша нұсқасы — «Большевик Алтая»).

Осы басылымның 1941-1945 жылдар аралығындағы сандарын парақтап, зерттеп көру үшін ең әуелі А. С. Пушкин атындағы кітапхананың оқу залына табан тіредік. Руханият ошағының қорында газеттің 1941-1942 жылғы сандары ғана сақталған екен.

Соғыстың алғашқы екі жылындағы газеттердің тек орыс тіліндегі нұсқаларын көзіміз шалды. «Қазақшасы бар ма?» деп сұрағанымызда «Жоқ» деген жауап алдық. Жалпы сол жылдары газет қазақша шықты ма деген сұрақ санаға сап ете қалды.

Бұған кейін ШҚО «Дидар» газетінің (Бұрынғы «Алтай большевигі») ардагер журналисі, басылымның тарихы сыр шертілген «Тарихи жол» кітабының авторы Айтмұхамбет Қасымов жауап берді.

а
Фото жеке мұрағатынан

— 1940 жылдың шілде айында Солтүстік-Шығыс облыстарының ҚКП аудандық, облыстық комитеттерінің пропаганда-үгіт және ұйымдастыру-нұсқаушылар бөлімдері меңгерушілері мен аудандық, облыстық газет редакторларының кеңесі өткен. Сонда орталық комитеттің секретары Скворцов баяндама жасап, «Бізде көп басшы, қызметкерлер қазақ газеттерін өте сирек оқиды» деді. Үлкен лауазымды адамның айтқан сол бір алдарқату пікірінен кейін, 1941 жылғы сәуірде ҚКП Орталық комитетінің облыстық газеттерді қайта құру жөніндегі қаулысы шықты. Сөйтіп, Ұлы Отан соғысы басталғанда біздің газет «Большевик Алтая» деген атаумен орыс газетінің аудармасы ретінде шыға бастады, — деп түсіндірді ол.

Бір өкініштісі, дәл 22 маусым күні Германия әскері КСРО жеріне басып кіргенде шыққан газет нөмірі сақталмапты. 25 маусымдағы нөмірдің басты мақаласының тақырыбы — «Фашистік варварларға жойқын тойтарыс береміз!» (Дадим сокрушительный отпор фашистским варварам!).

а
Фото: Талғатжан Мұхаметбекұлы / Kazinform

Онда Гитлер бастаған Германияның 200 млн халқы бар КСРО-ға соғыс ашқанына түптің-түбінде өкінетіндігі, жеңістің бәрібір біздің жақта болатыны жазылған.

Соғыс басталып жатса да сол кездегі газет сандарында Шығыс Қазақстандағы кинотеатрлардың жұмыс істеп тұрғанын көруге болады. 23 маусымнан бастап «Тайгадан келген жігіт» (Парень из тайги) киносы көрсетіліпті.

Демек, халық соғыс жағдайына бірден көше кетпеген. Екі беттік газеттің соңғы жағында Самарқанда Әмір Темір моласындағы қазба жұмыстары туралы да жазылған.

а
Фото: Талғатжан Мұхаметбекұлы / Kazinform

«Сен бүгін майдан үшін не істедің?»

Алайда күніне 1 рет шығатын басылымда уақыт өткен сайын соғыс туралы мақалалар күрт көбейген. Кейін тіпті тек соғыс ақпараттары мен тылдағы еңбек жайлы жарияланып отыра бастады.

Сталиннің бұйрықтары, марапатқа ұсынылғандар, халықты жігерлендіретін ұрандар да газет беттерінен көрініс тапқан. 1941 жылдың 11 қыркүйегіндегі санда Өскеменнің әуе шабуылына қорғанысы нашарлығы туралы жазылған.

Одан бөлек, «КСРО батыры Сокур жолдасқа» атты қысқа ақпарда Бұқтырмадағы жұмысшылардың Кеңес Одағының Батыры, снайпер Сокур жолдасқа жылы киім, қолғап сынды керек заттарды беріп жібергені баяндалған.

а
Фото: Талғатжан Мұхаметбекұлы / Kazinform

14 қыркүйектегі газет бетіне «Шығыс Қазақстандағы барлық әйелге» атты үндеу шығыпты. Онда:

— Дүниежүзіндегі азаттық сүйгіш халық түгел көтерілді. Қызыл Әскер адамзаттың бостандығы мен бақыты үшін ерлікпен шайқасуда. Бұл соғыста кеңес әйелдерінің рөлі ерекше. Мыңдаған әйел дәрігер, медбике, санитарлық дружиналар болып майданға аттанып, партизан отрядтарына қосылып, қаһармандық танытып жүр. Миллиондаған әйел фабрикаларда, зауыттарда, колхоз егістігінде ерен еңбек етіп, майданға кеткен ерлердің орнын басып, түрлі күрделі кәсіптерді игерді. Ал қазір әйелдер майдан үшін бұрынғыдан да көбірек күш салу қажет, — делінген.

«Жерлестеріміз майданнан хат жазып жатыр» атты мақалада Қызыл Әскер жауынгерлері мен командирлерінің арасында Шығыс Қазақстан тумаларының көптігі, олардың ата-аналарына, ауылдастарына майдан шебіндегі күнделікті өмірлері туралы хат жазып жатқаны сипатталған.

1942 жылғы 15 қазандағы нөмірде «Сен бүгін майдан үшін не істедің, Сталинград пен Кавказды қорғаушыларға не көмек көрсеттің?» деген тақырыппен еңбек адамын қанаттандыра, рухтандыра түсетін мақала жарияланыпты.

Өткір сын да жазылған

Қалған газеттерді парақтап көру үшін Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік архивіне бас сұқтық. Мұнда «Алтай большевигінің» 1943-1944 жылдары шыққан сандары бар екен. Бір қуантарлығы, архивте газеттің қазақша нұсқалары сақталыпты.

Бұл жылдардағы газеттердің бірінші бетіне негізінен соғыстағы жаңалықтар шықса, екінші беттің бас жағына облыс ахуалы жазылып отырған. Ал төменгі тұсына басқа елдердегі (Ұлыбритания, АҚШ, Франция, Италия, Қытай, Жапония, Аргентина т.б) соғыс жағдайындағы маңызды өзгерістер беріліп келіпті.

А3 форматындағы газеттің бір данасының бағасы — 20 тиын болған. 1943 жылдардағы газеттерде тиражы жазылмаған. Ал 1944 жылдардағы газеттердің бірінде тираж саны 2878 дана деп көрсетілген.

Сол уақыттарда ел қорғау қажетіне деп КСРО Халық комиссарлары Кеңесінің қаулысымен жұрттан қосымша қаржы — соғыс заемы жиналғаны белгілі. Міне осы науқаннан шығысқазақстандықтар қалыс қалмаған.

а
Фото: Талғатжан Мұхаметбекұлы / Kazinform

Газетте әр ауданда қанша ақша жиналғаны туралы ақпарлар жарияланып келген. Мәселен, 1943 жылғы 9 маусымдағы № 120 сандағы «Үш күндік қорытындылар» мақаласынан үзінді:

— 7 июнь күні 24 сағатқа дейін Екінші Соғыс заемын таратудың үш тәулігі ішінде ШҚО бойынша заемға жазылу сомасы 52 108 000 сомға жетті. 

1943 жылдың 11 маусымындағы «Ертіс ГЭС құрылысына көмек көрсетудің айлығын өткізу туралы» атты хабарландыруда:

«15 июньнен 15 июльге дейін облыстағы жұмыс істеуге жарайтын халықтан және колхозшылардан 2000 адам мобилизациялансын. Келген жұмысшылар үймен, жұмыс уақытында және қайта жолында тамақ продуктыларымен қамтамасыз етілсін» деп жазылыпты.

Яғни, сол кезде ГЭС құрылысына адам жетіспей жатқан.

1944 жылдың 7 қаңтарында нөмірде «Жылдық планды орындады» тақырыбымен мақала жарияланыпты.

Онда «Ертіс ГЭС құрылысының оң және сол жағалық учаскелері өзара социалистік жарысқа түсіп, әрқайсысы жылдық планды артығымен орындауға міндеттеме алған болатын.

Оң жағалық учаске өзіне алған міндеттемені толық орындады. Учаске жылдық планды 104 процент орындап, құрылыста бірінші орынға ие болды» деп жазылған.

Ал дәл сол бетте тұрған «Міндеттеме орындалады» атты қысқаша ақпарда «Жұмысқа алғаш кіріскеннен бастап тарбағатайлықтар қажырлы еңбек етті. 17 жастағы Мағауия Дүкеева бастаған 14 кісілік № 1 звено алғашқы күні нормасын 100 процент орындады» делінген. 

а
Фото: Талғатжан Мұхаметбекұлы / Kazinform

8 қаңтардағы сандағы «Жауынгерлердің үй-ішіне көмек» тақырыбымен шыққан ақпардан үзінді келтіре кетейік:

— Тарбағатай ауданының еңбекшілері майдандағылардың үй-іштеріне көмек көрсету жөнінде майдандық айлық өткізді. Бұл уақыттың ішінде жауынгерлердің үй-іштеріне арналып 750 килограмм астық, 145 килограмм картоп, 349 килограмм ет, 149 килограмм май, 26 бас мал, 72 жылы киім, 67 пима, 265 қой терісі, 29 килограмм жүн, 177 дана үй мүліктері, 3763 килограмм балық, 63 222 сом ақша жиналды.

Газетте сын да жазылып, кемшілік жібергендер тіл найзасымен түйреліп отырған. Оған мысал 11 ақпандағы № 29 (1204) сандағы «Отынсыз мектеп» атты мақала.

Онда «Мектеп жас буындарға сапалы білім, коммунистік тәрбие беретін орын. Балалардың сабақты өте жақсы оқуы мектептің жылы, таза, мәдениетті болуына байланысты. Бірақ, Күршім ауданындағы Қумаш орта мектебінде бұл жағдайдың бір де бірі жоқ. Мектеп әрі суық, әрі тазалығы жұрдай. Мектеп директоры Грибин жолдас мектептің өз дәрежесінде жұмыс істеуіне оны отынмен қамтамасыз етіп, таза ұстауға көңіл бөлмейді. Соның салдарынан жаз айларында оқытушылардың күшімен мектепке әзірленген 700 текше метр отын түгелімен жоғалып кетті» делініпті.

а
Фото: Талғатжан Мұхаметбекұлы / Kazinform

Ал 15 сәуірдегі № 75 (1250) санда авторы А.Қайсенова деп көрсетілген «Ремонттың аяқталатын уақыты әлдеқашан жетті» мақаласының үзіндісі мынадай:

— Үшінші соғыс көктемін ойдағыдай өткізу МТС-тың жұмысты жақсы істеуіне, трактор ремонтының сапалы болып аяқталуына байланысты Бірақ, Предгорный МТС-ында бұл міндет орындалмай отыр. Трактор мен тіркеу саймандарының ремонты әлі біткен жоқ.

4 мамыр күнгі № 88 (1263) санда «Егіске дайындық кіріскен жерде» атты мақала жарияланыпты. Большенарым ауданындағы сылбыр жұмыс жайлы материалдың авторы — Т.Қойшыбаев. Ол былай деп жазыпты:

— Егістің қызу кезеңі басталды. Колхозда тұқым қоры әлі де жеткіліксіз. Тұқымды жергілікті жердің өзінен — ауылдан, аудан ішінен іздеп табуға ерекше назар аударылса, аудандық ұйымдар нақты көмектессе, жағдай мұндай болмас еді. Жұмыстың бет алысы бұл колхозда егістің ұзаққа созылу қаупі туғанын көрсетеді.

19 қыркүйекте шыққан нөмірде әр аудандағы егін орудың барысы жөнінде мәлімет жария етіліпті. Сонда дәнді егінді ору жоспарының орындалуында Таврия ауданы (96,3%), машиналар мен орылған егінін маялауда Тарбағатай ауданы (90,4%) алдыңғы орында тұр.

«Германия толық талқандалды»

Өкінішке қарай, Жеңіс жалауы желбіреген 1945 жылғы газеттер облыс кітапханаларынан да, архивтерінен де табылмады.

Десе де бұл кездегі газеттер туралы жоғарыда айтқан Айтмұхамбет Қасымовтың «Тарихи жол» кітабында бар.

— «Алтай большевигінің» 1945 жылғы 11 мамырдағы 89 санының шпигелінде халықты көптен зарықтырып жүрген қуанышты хабар ірі әріптермен теріліп берілді: «1945 жылғы 8 майда Берлинде Германияның Жоғары Командованиесінің өкілдері Германия қарулы күштерінің тізе бүгуі туралы актіге қол қойды. Совет халқының неміс-фашист басқыншыларға қарсы жүргізген Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталды. Германия толық талқандалды». Және газеттің осы санында ССРО Жоғары Советі Президиумының «9 майды Жеңіс мейрамы етіп жариялау туралы» Указы жарияланды. Неміс фашистерімен ұрыстағы ерліктері үшін 29 мыңнан астам шығысқазақстандық Совет Одағының ордендері мен медальдарына ие болды. Олардың 63-і Совет Одағының батыры атағын алды, — делінген кітапта.

а
Фото: Талғатжан Мұхаметбекұлы / Kazinform

Соғыс жылдарында халықтың жігерін жасытпай, рухтандыра түскен, соңғы ақпараттармен тәулік сайын сусындатып отырған газеттердің маңызы зор, рөлі орасан.

Еске салсақ, бұған дейін ШҚО-да майдангерлерге орнатылған ескерткіштердің жай-күйі жайлы жазғанбыз.  

Соңғы жаңалықтар