Соккадан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 1/4 финалға шықты
АСТАНА. KAZINFORM - Шағын футболдан Қазақстан құрамасы соккадан әлем чемпионаты 1/4 финалына шықты.
Отандастарымыз 1/8 финалда Румыниямен шеберлік байқасты. Негізгі кезең 1:1 есебімен тең аяқталды. Ел құрамасынан Фарзад Ескелді гол соқты. Буллиттен Қазақстан құрамасы 2:1 есебімен басым түсті.
F тобында бақ сынаған отандастарымыз Франция (1:1) және Нидерландпен (2:2) тең ойнаса, Уругвайды (4:1) тізе бүктірді. Нәтижесінде өз тобында екінші орын алып, плей-офф сатысына жолдама алған еді.
Сокка - шағын футболдың бір түрі. Айырмашылығы ойыншы саны мен алаңның көлеміне байланысты болады. Матч 20 минуттан екі таймға созылады. Әр командада 6 ойыншыдан қатысады.
Айта кетсек, Қазақстан құрамасы 2023 жылы соккадан әлем чемпионатының жеңімпазы болды.
Сондай-ақ отандастарымыз бұдан бұрын финалда 2022 жылы Бразилия (0:3), 2024 жылы Оманға (1:1, пенальтиден 0:1) жол берді.
Соккадан әлем чемпионаты 2018 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қазірге дейін Германия, Ресей, Бразилия, Қазақстан, Оман құрамалары чемпион атанды.