Солтүстік Калифорнияда ормандар өртеніп жатыр
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Ауа температурасының жоғарылауы, құрғақшылық пен жауын-шашынның болмауы Қостанай облысында ғана емес, бірқатар басқа елдерде де орман өрттерін тудырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Солтүстік Калифорнияда (АҚШ) сенбі күні екі орман өрті тіркелді. Ауыл тұрғындары эвакуацияланды.
Америкалық телеарналардың хабарлауынша, өрт Сискию ауданында болған. Штат губернаторы Гэвин Ньюсом округте төтенше жағдай жариялады, өрт салдарынан бірнеше бейбіт тұрғын зардап шекті. Олар жақын маңдағы ауруханаға жеткізілді.
Өрт сөндірушілердің мәліметінше, өрт 4000 гектарға жуық аумақты шарпыған. Сенбі күні таңертеңгі жағдай бойынша өрт 20%-ға оқшауланды. Тұрғындарды эвакуациялау туралы бұйрық әлі де күшінде.
Соңғы жылдары дүниежүзінде өрттердің саны күрт өсті, тамыз айының ортасында 2300-ден астам өрт тіркелді, бұл 2006-2021 жылдардағы 1349 өрттің орташа көрсеткішінен әлдеқайда жоғары.
Климаттың өзгеруі Еуропада орман өрттерін туындауына түрткі болды. Биылғы өрттердің көбіне аптап ыстық пен құрғақшылық себеп болды. Еуропалық комиссияның бірлескен зерттеу орталығының айтуынша, бұл соңғы 500 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.
Арнұр Рахымбеков