Солтүстік Қазақстан кәріс ұлтын күштеп қоныс аударудың негізгі аймағы болды - ғалым Н.Әбуов
Себебі кәріс ұлтын Қиыр Шығыс аумағынан Қазақстанға көшірудің саяси астары болған. Бүгін Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өтіп жатқан «Тарихтан - қазіргі заманға» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның секциялық отырысында баяндама жасаған М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрболат Әбуов осы мәселені атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, Сталин социализмді құру жолында ұлтаралық келіспеушіліктер көптеп орын алады деп ойлаған. Оған қоса, тоталитарлық жүйе мен Ұлы Отан соғысының қаупі ішкі қауіпсіздікті күшейтуді үдетті. «Сол кезде Кеңес үкіметінің Жапониямен арадағы қарым-қатынасы бұзылды. Үкімет елдің Қиыр Шығысында қоныс тепкен кәріс халқына сенбей, оған Жапонияның тыңшылық әрекетіне тез көне салатын ұлт ретінде қарай бастады. Осының нәтижесінде басшылық кәріс халқын Қазақстанға күштеп көшіру туралы шешім қабылдады», - дейді Н.Әбуов.
Ғалымның деректеріне сәйкес, 1937 жылдың аяғына дейін кәріс халқын Қазақстан жерінде толығымен қоныстандыру жоспарланған болатын. НКВД бұл жоспарды қазан айында орындап шықты. Сол кезде 124 эшалонмен 171 781 адам Солтүстік Қазақстан аумағына көшірілді.
«Мінеки, осылай тоталитарлық режимнің кесірінен кәріс халқы әлеуметтік-экономикалық, мәдени және демографиялық қиыншылықтарға тап болды. Олардың барлық құқықтарына шектеу қойылды - әскер қатарында қызмет етуге, жоғары оқу орындарында білім алуға рұқсат берілмеді. 50-ші жылдардың ортасына дейін кәріс азаматының төлқұжатында «Қазақстанда ғана тұруға рұқсат беріледі» деген ескерту жазылды. Бұл ескерту, сөз жоқ, кейінгі жылдары олардың Қазақстанды өзінің туған жері ретінде көруге және қазақ халқымен етене араласуға жол ашты», - дейді Н.Әбуов.