17:27, 24 Ақпан 2009 | GMT +5
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша «Нұр Отан» ХДП филиалы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтеді
АСТАНА. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Алдағы наурыздың 2-сінде Петропавл қаласында «Нұр Отан» ХДП-ның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтеді.
Бұл туралы бүгін апталық брифингте партияның ресми өкілі Оксана Петерс мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. О.Петерстің айтуынша, Саяси кеңестің отырысы партияның 10 жылдық мерейтойына арналып отыр. Жиынға филиал төрағасы, облыс әкімі Серік Біләлов пен облыстық ұйымның негізін қалаушы азаматтар қатысады. Ресми өкіл брифингте, сондай-ақ ақпанның 25-і күні «Жас Отан» жастар қанаты Ұлттық Дельфий комитетімен бірлесіп, «Қазақстанда шығармашылық одақтарды дамыту» тақырыбында арнайы конференция ұйымдастыратынын атап көрсетті. Шараға мемлекеттік органдар, жоғары оқу орындары, қазақстандық қорлар, сондай-ақ ЮНЕСКО, Британдық Кеңес, Франциялық Альянс секілді халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысады. Ондағы мақсат ? елдегі шығармашыл жастар ортасын қалыптастырудың жолдарын талқылау, жас буынның талатты тобымен етене жұмыс істеу, шығармашылық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға көмек көрсету.