Солтүстік Қазақстан облысында 17 сүт фермасы салынып жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгінде СҚО-да 17 сүт фермасы салынып жатыр. Оның ішінде 9 ферма пайдалануға биыл берілмек. Бұл туралы облыс басшысы Айдарбек Сапаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Өңірде осы уақытқа дейін 30 заманауи өнімділігі жоғары сүт-тауар фермасы ашылды. Биыл тағы 17 ферма салына бастады. Оның 9-ы жылдың соңына дейін іске қосылады. Одан бөлек, 3,7 га алаңда орналасқан гидропоникамен және климаттық бақылаумен бірінші өнеркәсіптік жылыжай кешенінің құрылысы аяқталу сатысында. Фермалардың ауқымды құрылысы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы қаржыландыру жөніндегі пилоттық жобаны іске асырудың арқасында мүмкін болды. Жоба бойынша пайыздық мөлшерлеме – небәрі 2,5%. Қаражат 10 жылға дейінгі мерзімге беріледі, оның ішінде жеңілдік кезеңі – 2 жыл», - деді Айдарбек Сапаров орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Облыс әкімінің айтуынша, агрокәсіптік кешен саласында 31 жоба іске асырылып жатыр. Жалпы, инвестиция көлемі – 77,5 млрд теңге.

«Оның ішінде құс фабрикалары, қой фермалары, көкөніс қоймалары, жылыжайлар мен суару жобалары бар», - деді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай жаңа оқу жылынан бастап СҚО-да бастауыш сынып оқушылары тегін тамақтанады.


Соңғы жаңалықтар