Солтүстік Қазақстан облысында қарақшылық жасағаны үшін мемлекетаралық іздеуде жүрген Қырғызстан азаматы ұсталды

23 жастағы Қырғызстан азаматы Ресей Федерациясының Омбы қаласынан келген екен. Оның сөздеріне қарағанда, соңғы жылы сол жерде тұрып, құрылыста жұмыс істеген. Жұмыстан айырылып қалған соң, Қазақстанға көшуге ұйғарды. М.Жұмабаев атындағы ауданға келіп, тіркелу үшін мұндағы көші-қон полициясына барды.
Инспектор құжаттарын рәсімдей бастаған кезде Қырғызстан азаматының мемлекетаралық іздеуде жүргендігі анықталды. Жағдайды айқындау үшін қызметкер аудандық ішкі істер бөлімінің уәкілдерін шақыртып алды. Ұсталған азаматпен жүргізген әңгімеден кейін полиция қызметкерлері жас жігіттің Қырғызстан Республикасының Ош қаласында болған қарақшылық шабуылға тікелей қатысы бар екендігін анықтады.
Ұсталған азаматтың айтуынша, өткен жылдың желтоқсан айында ол достарымен бірге бизнесмендерге қарақшылық шабуыл жасап, ақшаларын тартып алған. Бұл қылмыстан кейін туған жерінен қашып кетті.
Қазіргі кезде ұсталған азамат М.Жұмабаев ОІД-нің уақытша оқшаулау абақтысында отыр. Минск конвенциясына сәйкес бұл азамат өз еліне экстрадацияланады.