Солтүстік Қазақстан облысында жаңбыр жауды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында түнде жарты сағаттан астам жаңбыр жауды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысында жаңбыр жауды

СҚО-да ақпан айында жаңбыр жаууы – сирек кездесетін табиғи құбылыс.

«Өңірде атлантикалық циклонның әсерінен түнде секундына 22 метр, Петропавлда секундына 19 метрге дейін соққан қатты жел тұрды. Облыстың барлық аумағында жауын жауып, көктайғақ болды. Қауіпті гидрометеорологиялық жағдай туралы бірінші болып Явленкадағы метеорологиялық станса хабардар етті. Есіл ауданының орталығында жаңбыр сағат 00.41 минутте басталып, 17 минут бойы жауған», - делінген «Қазгидромет» РМК СҚО филиалының хабарламасында.

Ал Петропавлдағы метеорологиялық стансаның мәліметінше, атмосфералық құбылыстар 2 ақпан сағат 23.30 минутта басталған. Басында қар жауса, 1 сағат 16 минуттан кейін жаңбырға ұласқан. Жаңбыр облыс орталығында 35 минут бойы жауды. Қазір өңірдің бірқатар ауданында көктайғақ сақталған.

Бұған дейін «Қазгидромет» алдағы 3 тәулікке ауа райы болжамын жариялаған еді.