Солтүстік Қазақстанда антитеррористік заңнама бойынша 400-ден астам құқықбұзушылық тіркелген

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысының полициясы лаңкестікке қатысты 575 осал нысанды тексерді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі СҚО ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Солтүстік Қазақстанда антитеррористік заңнама бойынша 400-ден астам құқықбұзушылық тіркелген

Ол тізімге әкімшілік ғимараттар, стратегиялық нысандар, оқу ордалары, көліктік құрылыстар, мемлекеттік мекемелер және сауда-ойын-сауық орталықтары және т.б. енген. Әсіресе, халық көп жиналатын ғимараттарға ерекше назар аударылады.

2016 жылғы тексерістер қорытындысы бойынша, 400-ден астам құқықбұзушылық анықталды. Барлық фактілер бойынша, ҚР ӘҚБК 149-бабы - «Террористiк тұрғыдан осал объектiнiң терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету және қауiпсiздiгiнiң тиiстi деңгейiн сақтау жөнiндегi мiндеттердi орындамау және (немесе) тиiсiнше орындамау» бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Ойын-сауық орталықтары, базарлар, сауда үйлері мен білім беру мекемелері әкімшілік жазаға тартылды.

Антитеррористік заңнаманы бұзғаны үшін 100-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. Құқықбұзушылықты жою жөніндегі ұйғарымды орындамау да әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.