Солтүстік Қазақстанда мереке күндері 8 адам қаза тапты

Желтоқсанның 31-і мен қаңтардың 4-і аралығында төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық департаменттің кезекшілік пультіне 65 қоңырау шалынды, оның 24-і өрт туралы хабар болды. Өрт салдарынан бір адам - Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның тұрғыны қаза тапты, тексеру барысында оның мас күйде темекі шегіп, соның салдарынан өрт шыққаны анықталды.
Облыста сондай-ақ үсікке шалдығудың 12 оқиғасы тіркелді. Шал ақын атындағы ауданның Новопокровка селосында желтоқсанның 31-і күні жергілікті тұрғындар 1989 жылы туған азаматтың денесін тапты. Ауыл тұрғындарының айтуынша, әлгі азамат мас болып, далада қалып қойған. Мастық бұдан басқа, тағы алты адамның үсіп өлуіне себеп болып отыр.
Төтенше жағдайларға үн қату басқармасының бастығы Біржан Кәрімовтың айтуынша, бұл фактілерге қарамастан былтырғыға қарағанда биылғы мерекелік күндер тыныштау өтті.
Сондай-ақ облыстың селолық аудандарында сегіз автокөлік апатты жағдайда жолда қалып қойды, ешкім зардап шеккен жоқ.