Солтүстік Қазақстанда полицейлер су шайып кеткен үйлерді тонаушылардан күзетуде

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстікқазақстандық полицейлер су тасқыны кезеңінде өз қызметтерін күшейтілген түрде атқаруда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі СҚО ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Солтүстік Қазақстанда полицейлер су шайып кеткен үйлерді тонаушылардан  күзетуде

Рузаевка ауылында 186 үйді тасқын су басқанда, жеке құрам жұмылдырылды. Ғ.Мүсірепов аудандық ІІБ бастығы Айдос Ыдырысовтың айтуынша, полицейлер белден келетін суды кешіп, үйлердегі тұрғындар мен үй жануарларын құтқарды.

 

Полицейлер су астында қалған үйлерде тонаушылық фактісінің алдын алу мақсатында тәулік бойы күзет ұйымдастырды. 

Облыстағы автомобиль жолдарындағы жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 65 полиция қызметкерінен құралған 48 мобильді бекет іске қосылды. Қозғалыс шектелген 3 тасжолда 4 мобильді бекет құрылды.

 

Ұзындығы 1468 шақырымдық республикалық маңызы бар тасжолды тәулік бойы  ІІД жол-патрульдік полиция батальонының 15 экипажы күзетуде.

СҚО ІІД бастығы полиция генерал-майоры Берік Білялов аумақтық бөлімшелердің бастықтарына су тасқыны жағдайын жіті қадағалап, тасқын болған аймақтарда қоғамдық тәртіпті күзетіп қана қоймай, сонымен қатар оқыс оқиғаларға жол берместен елді мекендеріне оралып жатқан тұрғындарға көмек көрсетуді тапсырды.