Солтүстік Корея зымыран сынағын жалғастыра бермек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Солтүстік Корея халықаралық қауымдастық тарапынан сынға ұшырап, Америка Құрама Штаттарынан әскери қысымның күшейгеніне қарамастан зымыран сынағын жалғастыра бермек. Бұл туралы BBC News-ке берген сұхбатында КХДР сыртқы істер министрінің орынбасары Хан Сонг Рёль хабарлады.

Солтүстік Корея зымыран сынағын жалғастыра бермек

«Біз зымыран сынағын апта, ай сайын және жыл сайын жүргіземіз», - деді солтүстіккорейлік шенеунік. Ол егер АҚШ Пхеньянға қарсы «осынша ақымақтыққа барып, әскери күш қолданатын болса», үлкен соғыс басталуы мүмкін екендігін ескертті.

Бұдан бұрын 17 сәуірде БҰҰ жанындағы КХДР тұрақты өкілі Ким Ин Рён АҚШ өңірде қауіпті жағдай қалыптастырып отырғанын, бұл кез келген уақытта ядролық соғыстың басталып кетуіне алып келуі мүмкін екенін атап өткен.