Солтүстікке көшетіндерді ынталандыру тетіктері жарияланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның солтүстік бөлігінде еңбекке қабілетті жастағы азаматтар азайып барады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None

«Біздің тарапымыздан түрлі зерттеулер жүргізілді, егер қазіргі демографиялық, көші-қондық үрдістер сақталар болса, алдағы бес жылда ШҚО, Павлодар, СҚО және Қостанай облыстарында 167 мыңнан астам еңбекке қабілетті азаматтарды жоғалтамыз. Ал Жамбыл, ОҚО, Алматы, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында еңбек ресурсы көп, халықтың саны көбейіп жатыр. Сондықтан, бос орындарды оңтүстіктің есебінен толтыру үшін 2018-2022 жылдары 59 мың жанұяны солтүстікке көшіруді көздеп отырмыз», - деді вице-министр.

Б.Нұрымбетовтың айтуынша, жыл басынан бері жұмыс бабымен өңірден-өңірге көшу бағдарламасы аясында 114 отбасы, яғни 461 адам оңтүстіктен солтүстікке көшіп, жұмыспен қамтылды және тағы 1 200 отбасы көшуге дайын.

Бұл ерікті көші-қон бағдарламасы болғандықтан, Б.Нұрымбетов азаматтарға оңтүстіктен солтүстікке көшу үшін бірқатар ынталандыру тетіктерін әзірленіп жатқанын атап өтті.

«Егер оңтүстіктің азаматы солтүстікке жұмыс бабымен көшкісі келсе, көші-қон шығындарын өтеу үшін әр отбасы мүшесіне 35 АЕК көлемінде 79 415 теңгеден төлеп береміз. Екіншіден, барған жерінде тұрғын үй мәселесін шешу үшін, бір жылға дейін пәтер/үй жалдайтын болса, жалға алатын ақшаны айына 34 мыңнан 68 мыңға дейін бір жыл бойы төлеп беруге дайынбыз. Егер ай сайын төленетін қаражаттың есебінен ауылды жерден шағын үй сатып алу мүмкіндігі болса, бір жылдық пәтерақыны бір мезгілде төлеп беру жолдарын қарастырып жатырмыз. «Тұрғын үй құрылыс банкімен» бірлесіп, бағдарлама аясында көшетін азаматтарға жеңілдетілген заем, субсидиялар беру тетіктерін қарап жатырмыз», - деді ол.

Сонымен бірге, солтүстік өңірдің ауылды елдімекендеріне көшіп барған оңтүстік азаматтарына жер телімдері конкурссыз берілуі мүмкін.

«Өздеріңізге белгілі, қазіргі уақытта жер конкурс арқылы беріледі. Ал біздің бағдарлама қатысушыларына ауыл шаруашылық жерлерін, коммерциялық тұрғыда пайдаланылатын немесе балабақшамен айналысатын жерлерді конкурссыз беру жолдары шешіліп жатыр. Ол үшін тиісті заңдарға өзгерістер енгізу қажет», - деді ол.

Тағы бір айта кетерлігі, оңтүстіктен солтүстікке көшкен азаматтардың бизнес-идеясы болса, олар «Бизнес-Бастау» жобасы арқылы оқытылады. Егер «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жас кәсіпкер туралы оң пікір білдірсе, оған 5 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз грант беру мүмкіндіктері қарастырылуда.

Соңғы жаңалықтар