«Солтүстік Аралды сақтау» жобасы: Биыл қандай нәтижеге қол жеткізіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Дүниежүзілік банкпен бірлесе Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Бұл туралы Kazinform сауалына Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми жауабында айтылды.

Өткен жылы «Солтүстік Аралды сақтау» жобасы жүзеге асырылған болатын. Ведомство жобаның алғашқы кезеңінде қол жеткізген нәтижелерді жариялады:
- Теңіздегі су көлемі 42%-ға ұлғайды
- Теңіз суының тұздылығы төрт есеге жуық немесе литріне 8,89 грамға дейін азайды
- Балықтың 15 шақты түрі қайта оралды және бекіре тұқымдас балықтарды өсіру үшін қолайлы жағдай жасалды
- Сырдария өзенінің су өткізу қабілеті секундына 700 м3-ге дейін ұлғайды
- Арал теңізінің солтүстік бөлігі географиялық және климат түзуші объект ретінде сақталды.
Сондай-ақ осы жұмыстарды жалғастыру мақсатында министрлік Дүниежүзілік банкпен бірлесіп «Арал теңізінің солтүстік бөлігін өңірлік дамыту және қалпына келтіру» жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін (ТЭН) әзірлеп жатқанын мәлімдеді.
ТЭН жобасы мынадай негізгі нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған:
- теңіз суының жинақталу көлемі мен сапасын жақсарту
- Арал теңізінің түбінен тұз шөгінділерінің шығуын азайту
- су ресурстарын экологиялық басқаруды жақсарту
- балық өнімін молайтуды және қайта өңдеуді қолдау арқылы балық шаруашылығын дамыту.
— Қазіргі уақытта жобаға жауапты ұйым мемлекеттік сараптама берген ескертулер мен ұсыныстар бойынша түзетулер енгізіп, мемлекеттік сараптаманың қарауына қайта жолдады, — деп жазылған жауапта.
Енді мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алғаннан кейін қоғамдық тыңдаулар өткізіліп, кейін экономикалық және экологиялық сараптамалар жүргізіледі.
ТЭН әзірлеу жұмысының қорытындысына сәйкес Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру жобасын іске асыру схемалары мен түпкілікті техникалық шешімдері қабылданатын болады.
Дейтұрғанмен, Солтүстік арал жобасы мінсіз емес. Арал теңізінің мәселесін қозғап жүрген Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов жергілікті халық Су ресурстары министрлігі ұсынған екі деңгейлі схемаға түбегейлі қарсы екенін айтқан. Олар Кіші Арал жобасына да мән берілуін талап етіп отыр.