Солтүстік Ирландия Ұлыбритания құрамынан шыға ма
ЛОНДОН.KAZINFORM - 2 жылға жуық уақыттан кейін Ұлыбритания құрамына кіретін Солтүстік Ирландияның жаңа үкіметі жасақталып, мемлекет саяси дағдарыстан шықты. Бірақ қуаныш ұзаққа созылмаған сияқты. Ел іргесі 1921 жылы қаланғалы бері тұңғыш рет билікке «Шинн Фейн» ұлтшылдар партиясының өкілі келді. Ал оның басты мақсаты Солтүстік Ирландияны Ұлыбритания құрамынан шығарып, Ирландиямен біріктіру. Партияның көшбасшысы Мишель О’Нил референдум өткізіп, дегеніне жеткісі келеді, деп хабарлайды Kazinform-ның меншікті тілшісі Ғалымжан Қараманұлы.
Стормонт сарайында Ұлыбритания Премьер-министрі мен Ирландия үкіметінің басшысын Солтүстік Ирландия «Шинн Фейн» партиясының бірінші министрі және оның орынбасары — демократ-юнионистер партиясының өкілі қарсы алды. Саяси дағдарысты еңсергендеріне қуанышты. Өйткені 2 жылға жуық уақыт бойы Солтүстік Ирландия автономиясы үкіметсіз қалды. Себебі Демократиялық юнионистер партиясы Брекситтен кейінгі сауда келісімдеріне наразылық білдіріп, парламенттен шығып кеткен болатын.
«Бұл біздің тарихымыздағы маңызды сәт. Көпшілік бұған сенбеген еді. Ата-анамның, ата-әжелерімнің буыны да „Шин Фейн өкілі бірінші министр болады деп ойламаған шығар. Сондықтан маған үлкен жауапкершілік артылып отыр дер едім», — дейді Солтүстік Ирландияның бірінші министрі Мишель О’Нил.
Лондон Ұлыбританияның басқа аймақтарынан Солтүстік Ирландияға тасымалданатын тауарларды бақылауды жұмсартуға уәде бергеннен кейін Юнионистер өз ұстанымдарын өзгертті. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтерге 3 миллиард фунт көлемінде қаржылық қолдау ұсынылды.
«Солтүстік Ирландия саясаткерлері өз халқының атынан қайтадан шешім қабылдай алатын болады. Біздің жаңа келісіміміз осы елдегі отбасылар мен бизнеске бұрынғыдан да көп қаржылай қолдау көрсетіп, өкілеттіктер береді», — дейді Ұлыбританияның Премьер-министрі Риши Сунак.
Жаңа үкімет солтүстік ирландиялықтарды таң қалдырып, көпшіліктің пікірін екіге жарды. Өйткені мұндай жағдай үш ұйықтаса да ешкімнің түсіне кірмеген еді. Халық арасында жаңалыққа шын қуанғандармен қатар, күмәнмен қарағандар да болды.
«Жеке өзім бұған қуанбас едім, өйткені мен юнионистпін. Бірақ демократия деген осы. Бұған тек көнуіміз керек. Өз басым оларды парламентке кіргізбес едім», — дейді Белфаст тұрғыны Энн Стю.
«Бұл, әрине, болашаққа жасалған нық қадам. Нәтижесінде Ирландиямен бірігеміз бе, жоқ па белгісіз. Бірақ бұл, әрине, жаман жаңалық емес, — дейді Белфаст қаласының тағы бір тұрғыны Чарльз Ридли.
Аралда орналасқан мемлекет 1921 жылға дейін Ұлыбританияға тәуелді болды. Англия-Ирландия соғысынан кейін ғана арал халқы егемендік алып, мемлекет екіге бөлінді. Нәтижесінде Ирландия және Солтүстік Ирландия елдері пайда болып, соңғысы Корольдіктің құрамында қалды. Бірақ халқы әлі де екіге жарылған. Бірі Ұлыбританиямен бірге болуды жақтайтын юнионист-протестанттар болса, екіншісі Ирландияға қосылғысы келетін католик-ұлтшылдар.
«Тұңғыш рет бірінші министр қызметіне түпкі мақсаты Ирландияны біртұтас мемлекетке айналдырғысы келетін партияның өкілі келді. Партия жетекшісі Мишель О’Нил алдағы он жылда Ирландия Республикасына қосылу туралы референдум өткізу идеясын ұсынып жүр», — дейді Белфаст Корольдік университетінің профессоры Кейт Хейворд.
Бірақ бұл идеяның қалай жүзеге асатыны белгісіз. Ұлыбританиядан бөлінгісі келетін Шотландия ұлттық партиясы «Шинн Фейнге» үлгі бола алмайды. Біріншіден, Шотландия ұлттық партиясы билікте бұрыннан бері отыр. Ал «Шинн Фейн» жақында ғана келді. Екіншіден, 1998 жылы Солтүстік Ирландиядағы қарулы қақтығыстарға нүкте қойған Келісім бар. Тәуелсіздік туралы референдумды өткізбес бұрын ол Келісімді жаңалап алу керек. Ал оған біраз уақыт кетеді. Ғалымжан Қараманұлы