СҚО-да көктемгі су тасқынына қарсы 13 апаттық бригада құрылды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі су тасқыны кезеңінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында төтенше жағдайлардың алдын алу үшін 13 апаттық бригада құрылды. 

Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі су тасқынына қарсы 13 апаттық бригада құрылды
Фото: СҚО әкімдігі

Жалпы бұл жолдарда 163 маманнан тұратын бригадалар су тасқыны қаупі туындаған жағдайда жедел әрекет етуге дайын. Сонымен қатар жұмысқа 119 арнайы техника жұмылдырылмақ. 

СҚО әкімдігінің мәліметінше, көктемде негізгі міндет – еріген қар суының жолдарды шайып кетуіне жол бермеу және жол инфрақұрылымының зақымдануының алдын алу. Мәселен, 15 наурызда мамандар жолдардағы су өткізу құбырларын ашып, айналасындағы арналарды тазалайды. 

Кейбір жол учаскелерінде жөндеу кезінде жаңа су өткізу құбырлары орнатылды. Мысалы: «Жезқазған – Петропавл» республикалық автожолының қауіпті учаскелерінде бірнеше жаңа су өткізу құбыры орнатылды.

Былтыр бірқатар ірі жоба аяқталды. Атап айтқанда, Шал ақын ауданында республикалық маңызы бар «Жезқазған – Петропавл» автожолының 746-785 шақырым учаскесіне орташа жөндеу жүргізілді. Жоба аясында су өткізу құбырлары да жаңартылды. Жұмысқа 3,9 млрд теңге жұмсалды. Сондай-ақ Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда осы автожолдың 624-649 және 656-670 шақырым аралығында орташа жөндеу жұмысы атқарылып, су өткізу жүйелері қалпына келтірілді. Бұл жобаның құны 4,4 млрд теңгеден асты.

Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі су тасқынына қарсы 13 апаттық бригада құрылды
Фото: СҚО әкімдігі

Биыл құрылысы жалғасатын бірнеше нысан бар. Соның ішінде «Жезқазған – Арқалық – Петропавл» автожолының 872 шақырымында орташа жөндеу жүргізіліп, жаңа үш көзді тюбингтік су өткізу құбыры орнатылып жатыр. Жобаның жалпы құны – 485,4 млн теңге, оның ішінде негізгі жұмыстарды биыл аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар «Петропавл қаласын айналып өту жолының» 27 шақырымында төрт көзді жаңа су өткізу құбыры орнатылып жатыр. Жобаның жалпы құны – 196,6 млн теңге.

Бұдан бөлек, су тасқыны қаупі бар учаскелерде су өткізу құбырларын жөндеу жұмыстары жалғасқан. Мұндай жұмыс «Булаев - Возвышенка – Молодогвардейская – Киров -– Қиялы – Рощинская» автожолының 210 шақырымында және Тимирязев ауданындағы «Волошинка – Сергеевка – Тимирязев» жолының бірқатар учаскесінде атқарылып жатыр.

Мамандардың айтуынша, су тасқыны қаупіне байланысты өңірде 220 арнайы техника дайын тұр, оның ішінде 98 техника облыстық жолдарға, 122 техника аудандық жолдарға бекітілген. 

Еріген қар суы жолдарды шаю қаупі туындаса, қорғау үшін алдын ала 5 мың тонна инертті материал, 3 мың қап дайындалды. Бұл материалдар қажет болған жағдайда уақытша бөгеттер жасауға қолданылады.

«ҚАЖсервис» компаниясының облыстық филиалы да дайындық жұмыстарын бастады. Жоспар бойынша 40 мың тоннадан астам ұсақ тас, 2700 тонна құм, 52 мыңнан астам қап әзірленеді.

Бұған дейін Петропавлда еріген қар суы үйлерге кірмеуі үшін қаладан қар тәулік бойы шығарылып жатқанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар