Солтүстік Қазақстаннан Сианьға астық тасымалдау арнасы ашылды — шетелдегі қазақ баспасөзі
Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.
Өзбекстан өрік жемісін экспорттау бойынша әлемде екінші орында — ӨзА
Өзбекстан өрік өсіру және оны экспорттау көлемі бойынша әлемде екінші орында тұр. Сонымен қатар, ел шабдалы, шие және жүзім жемісін өсіру мен экспорттауда да жетекші өңірлер қатарында аталып отыр.
Бұл туралы осы аптада «ӨзА» басылымы Агроөнеркәсіп дамыту агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.

Хабарламада айтылғандай, Өзбекстан өрік өсіру және экспорттау жөнінен әлемдік рейтингте Түркиядан кейінгі екінші орында, сондай-ақ шабдалы өндіруде де негізгі орталықтардың бірі саналады.
Мәліметке сәйкес, 2024–2025 жылдары республика бойынша жалпы ауданы 43,2 мың гектарды құрайтын индустриялық-интенсивті жеміс баулары мен жүзім алқаптары салынып жатыр.
Агенттік мәліметінде биылғы жылдың алғашқы 9 айында 1,6 миллион тонна жеміс-жидек өнімдері 1,5 млрд доллар құны көлемінде 70-тен астам мемлекетке экспортталған.
Атап айтқанда, жаһандық рейтингтер бойынша Өзбекстанның көрсеткіштері өрік өндіру бойынша — Түркиядан кейін әлемде 2-орын; өрік экспорттау бойынша — Италиядан кейін 2-орын; шие, жүзім және шабдалы экспорттау бойынша да жетекші мемлекеттердің бірі.
Ауғанстанда 500 БАҚ жұмыс істейді — «Eurasia Today»
Талибанның Ақпарат және мәдениет министрлігінің өкілі Хабиб Ғафран Дүниежүзілік теледидар күніне орай жолдаған хабарламасында 500 БАҚ-тың ішінде ондаған телеақпарат құралының да бар екенін айтты, деп хабарлайды «Eurasia Today» ақпарат агентті.

Талибанның Ақпарат және мәдениет министрлігінің өкілі бұл топ Ауғанстанды бақылауға алғаннан кейін 180 ақпарат құралы мен ақпарат құралдарын қолдайтын мекемелерге жұмыс істеуге лицензия бергенін мәлім етті.
«Eurasia Today» ақпарат агенттінің дерегінше, бұл мәлімдеме Талибан Ауғанстанды бақылауға алғаннан кейін елдегі БАҚ-ты қатты басып-жаныштап, сөз бостандығын шектеуде деген жағдайға орай жасалды.
Талибан үкіметі сонымен қатар тікелей эфирдегі бейнелерді жариялауға тыйым салу арқылы Ауғанстанның 21 провинциясында телеақпарат құралының жұмысын тоқтатты.
Айта кетейік, Дүниежүзілік теледидар күні — Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының ұсынысы бойынша 1997 жылдан бастап жыл сайын 21 қарашада атап өтілетін халықаралық күн.
Қазақстандық бидайдың Қытайға сапары — «Халық газеті»
Сиань Айцзюй астық-май өнеркәсібі тобы Қытай-Еуропа пойызы арқылы Солтүстік Қазақстаннан Сианьға астық тасымалдау арнасын ашты.
Бұл туралы осы аптада Қытайдың «Халық газеті» басылымы хабарлады.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, бұл ынтымақтастық моделі 2016 жылы басталып, алғашқы 2000 тонна қазақстандық май өнімдері арнайы пойызбен Сианьға жеткізілген болатын. Содан кейін бидайды тұрақты тасымалдау жолға қойылған.
Сонымен қатар, жоба «Ауыл шаруашылығына тапсырыс беру» ынтымақтастық моделін қолданды. Сиань Айцзюй астық-май өнеркәсібі тобы Қытай және Қазақстан сарапшыларымен бірлесе отырып, егіншілік технологиялары бойынша нұсқаулық береді және бекітілген бағамен өнімді сатып алуға кепілдік беретін келісімшарттар жасады. Қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстанда үлкен көлемде кооперативті егін шаруашылығы базасы құрылып, жергілікті ауылшаруашылық өндірісінің технологиясын жетілдіріп отыр.
Сонымен қатар осы аптада «Халық газеті» басылымында «Алашаньдағы түйелер қыстауға айдалды» деген тақырыптағы ақпарат жариялады.

Келтірілген деректерге сүйенсек, жақында Ішкі Моңғұлдың Алашань өңірі түйелердің жыл сайынғы қоныс аудару мезгілін бастады. Бадын-Джаран, Улан-Бух және оның айналасындағы шөлді жердегі малшылар көліктер мен мотоциклдеріне мініп, шөл даланың кіндігіне енді. Олар жүздеген шақырым жол жүріп, түйелерді жинап, жазғы жайлауы болған шөл дала қойнауындағы 2000-нан астам түйені қыстауларына қарай айдады. Қысқы отарға көшіру бір айға созылады.
Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, елдегі қос өркешті түйелер ең шоғырлы өмір сүретін өңір ретінде Алашань түйе қорында 169 000 тұяқ түйе бар. Бұл елдегі жалпы қос өркешті түйе санының шамамен үштен бірін құрайды.
Аракчи: Каспий теңізі Иран үшін Парсы шығанағы сияқты маңызды — ParsToday
Иран Сыртқы істер министрі Каспий жағалауы елдерімен көпжақты қарым-қатынастарды кеңейту және аймақтың экономикалық, энергетикалық және туристік әлеуетін пайдалану Иран Ислам Республикасының сыртқы саясатының негізгі басымдықтарының бірі екенін мәлімдеді, деп хабарлады ParsToday ақпарат агенттігі.

Ирандық БАҚ-тың дерегінше, Иран Сыртқы істер министрі Сейед Аббас Аракчи Иранның солтүстігіндегі Гилан облысының орталығы Рашт қаласында өткен Каспий теңізі елдерінің облыс әкімдерінің алғашқы кездесуінің ашылу салтанатында Каспий бассейнін Парсы шығанағы сияқты маңызды деп санады. Оның айтуынша, бұл аймақта өте маңызды мәселелер бар, ал жағалаудағы елдер өздерінің ортақ мүдделері мен алаңдаушылықтарын түсіне отырып, көптеген жыл бойы ынтымақтастықтарын бастады.
ParsToday IRNA-ға сілтеме жасап хабарлауынша, Аракчи Иранның сыртқы саясатында көршілерге басымдық беру керектігін тілге тиек еткен.
Оның айтуынша, көршілермен саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени және қауіпсіздік қатынастарын кеңейту бойынша кең жоспарлар бар және дипломатия бұл бағытта белсенді жұмыс істейді.
Иранның Сыртқы істер министрі Иранның солтүстік Гилан, Мазандаран және Гүлістан облыстарының дәліздеріне, транзиттік бағыттарына және туристік әлеуетіне тоқталып, бұл аймақтардың Каспий теңізі елдері үшін де туристік бағыттарға айналатынына үміт білдірді.
Сонымен қатар осы аптада «ParsToday„-де „Иран мен Қазақстан арасындағы тарихи және мәдени қарым-қатынастар жаңа алмасуларды дамытудың негізі болып табылады“ деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.
Аталған БАҚ-тың мәліметінше, Иранның солтүстігіндегі Мазандаран губернаторы Иран мен Қазақстан арасындағы тарихи және мәдени қарым-қатынастарды жаңа алмасуларды дамытудың негізі деп санады.

«ParsToday»-дің келтірген деректеріне сүйенсек, сәрсенбі күні Рашт қаласында өткен Каспий теңізі жағалауындағы облыстар әкімдері алғашқы кездесуі аясында Мазандаран губернаторы Мәһди Юнеси Ростами қазақстандық шетелдік делегацияның басшысымен кездесіп, Мазандаранның ауыл шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі, туризм және теңіз саудасы салаларындағы кең мүмкіндіктерін түсіндірді.
Ол бірлескен нарықтар, әуе компаниялары және мамандандырылған көрмелер құру қажеттілігін баса айтты. Оның пікірінше, Иран мен Қазақстан арасындағы тарихи және мәдени қарым-қатынастар — жаңа алмасуларды дамытудың негізі саналады.
Қазақстан делегациясының басшысы кездесуде өзі пікірін білдірді.
Түркия президенті Ердоған ескерту жасады — TRT
Түркия президенті Ердоған төмендеп жатқан туу көрсеткіші болашақ үшін қауіпті екенін және бұған бей-жай қарамау керектігін айтты.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған бейсенбі күні Анкарада өткен «Отбасы және мәдениет‑өнер симпозиумында» сөйлеп, отбасы институтына төніп тұрған қиындықтарды атап өтті.
Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

Аталған БАҚ-тың келтірген мәліметтеріне сүйенсек, отбасы институтына қатысты мәселелерге назар аударып, Ердоған «Біз гендерлік бейтараптық пен ЛГБТК қозғалыстарына қарсы шаралар қабылдап жатырмыз, ешқандай жеңілдікке немесе салғырттыққа жол бермейміз» деген.
Ол әлемде ғаламдық капитализм, мәдени империяшылдық пен цифрлық қоршау күшейіп жатқан кезеңде Түркияның отбасын сақтап қалуға бел буғанын баса айтты.
Президент сонымен қатар демографиялық дағдарыс туралы ескертті.
— Біз қазір апатпен бетпе‑бет келіп отырмыз, — деді ол.
Ресми деректер бойынша елдегі жалпы туу көрсеткіші өткен жылы 1,48-ге төмендеген.