Солтүстік Корея Қытай маңында құпия база салды
АСТАНА. KAZINFORM — Солтүстік Корея Қытай шекарасына жақын жерде елдің ең озық стратегиялық қарулары орналасқан құпия зымыран базасын салды, деп хабарлайды Bloomberg.

Америка Құрама Штаттарының стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының мәліметі бойынша, Пхеньян-Пукто провинциясындағы Синпунг базасында, яғни Қытай шекарасынан 27 шақырым қашықтықта ядролық қаруды тасымалдауға қабілетті алтыдан тоғызға дейін континентаралық баллистикалық зымыран мен олардың жылжымалы ұшыру қондырғыларымен жабдықталған бригада көлеміндегі әскери бөлім болуы мүмкін деген болжам бар.
Бұл зымырандар Шығыс Азия мен АҚШ-қа ядролық қауіп тудыруы мүмкін екені атап өтілді. Базаның құрылысы 2004 жылы басталып, 2014 жылға қарай оның негізгі нысандары пайдалануға берілген. Базадағы зымырандар ядролық оқтұмсықтарды тасымалдай алады. Нысанның айналасында зымыран ұшыру алаңдары немесе әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі жоқ. Бұл базаның мобильді қатты отынмен жүретін құрлықаралық баллистикалық зымырандарды орналастыруға арналғанын көрсетуі мүмкін.
Еске сала кетейік, Солтүстік Корея Оңтүстік Кореямен шекарада хабар таратуды тоқтатты.