Солтүстік Корея мемлекеттік туын өзгертті

АСТАНА. KAZINFORM — КХДР 1948 жылы құрылғаннан бері алғаш рет мемлекеттік туының пішінін өзгертті, деп хабарлайды Yonhap.

Северная Корея изменила флаг
Фото: NEWS.am

Солтүстік Корея Конституцияға өзгеріс енгізу арқылы мемлекеттік туының өлшемін өзгертті. Жаңа нормаға сәйкес, тудың биіктігі мен енінің арақатынасы бұрынғы 1:2-ден 1:1,65-ке ауысты.

Тудың өлшемі өзгергенімен, жалпы дизайны сол күйінде қалды. Оның ортасында жалпақ қызыл жолақ, жоғарғы және төменгі бөлігінде жіңішке ақ жолақтар, екі шетінде көк жолақтар орналасқан. Сондай-ақ ақ шеңбердің ішінде қызыл бес бұрышты жұлдыз бейнеленген.

Бұл өзгеріс Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның өзіндік басқару стилін қалыптастырып, ұлттық бірегейлікті нығайтуға ұмтылысымен тұспа-тұс келді.

Еске сала кетейік, мамыр айында Солтүстік Корея билігі Конституцияға өзгерістер енгізіп, онда Оңтүстік Кореяның жеке мемлекет ретіндегі мәртебесін ресми түрде бекітті. Сондай-ақ Ким Чен Ынның мәртебесін көтерді.

Сонымен қатар бұған дейін Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) өз туын ғарышқа жіберетіні хабарланған болатын.