Солтүстікке халық көшіп келмесе, ауыл тұрмақ тұтас аудан тарап кетуі мүмкін - Бурахан Дақанов
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Бүгінде еңбек күші жетіспейтін солтүстік өңірлерге халқы тығыз орналасқан оңтүстіктен тұрғындарды көшіру мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Аталған жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстың барысын білмек болып TAUEKEL ұйымының жетекшісі Бурахан Дақановпен сұхбаттастық.
— Бурахан Нұржанұлы, Түркістаннан Теріскейге көшті насихаттау ісінде тынымсыз еңбек етіп жүрген азаматтың бірісіз. Жалпы солтүстікке қоныс аударып жатқан халықтың ішінде түркістандықтардың үлесі қандай? Көп пе, аз ба?
— 2017 жылдан бері солтүстік өңірлерге 18 мыңға жуық адам қоныс аударды. Соның кем дегенде 60-70 пайызы — Түркістан облысының тұрғындары. Сондықтан біз көш мәселесінде Түркістан облысын «донор облыс», «инвестор облыс» деп есептейміз. Түркістаннан теріскейге қоныс аударған азаматтардың арқасында біздің Солтүстік Қазақстандағы ел-жұрты көшіп, жер бетінен құрығалы тұрған ауылдар мен мектептер аман қалды. Ең бастысы — қаракөздеріміздің саны артты. Сондай-ақ, Теріскейдегі қазақы идеологияның дамуына осы Түркістан облысы тұрғындарының үлесі өте үлкен деп білемін. Сол себепті ақындар мен батырлардың елі, киелі де қасиетті Қызылжардың атынан, TAUEKEL ұйымының атынан Түркістан облысының тұрғындарына алғыс айтамын. Сіздерге ризамыз.
— Жалпы, Түркістаннан Теріскейге қоныс аударған азаматтардың арасында кері қайтып жатқандары да бар. Бұған не себеп? Ауа райы жақпады ма, әлде мемлекет тарапынан берілген көмек көңілден шықпады ма?
— Көші-қон мәселесімен айналысып жүргеніме үш жылдың жүзі болды. Түркістан, Қызылорда, Тараз, Маңғыстау жерлерін аралап, қаншама азаматтардың солтүстікке көшуіне насихат жүргізіп, қоныс аударуына себепкер болдық. Кейбір басшылар «көшіп барған азаматтарға үйін беріп, аздаған ақшасын төлесек, жұмысқа орналастырсақ болды, бәрі жақсы болып кетеді» деп ойлайды. Мүлдем олай емес. Онымен бірге адамның жаңа мекенінде жаңа орта тауып, біте қайнасып кету мәселесін естен шығармауымыз қажет. Оны ешкім ескеріп жатқан жоқ. Бір облыстан екінші аймаққа қоныс аударушы адамдар ең бірінші адаптациядан өте алмай қиналады. Мұны мойындауымыз керек. Қайта көшіп кеткен азаматтардың біразын өз машинаммен пойызға дейін шығарып салған кездерім де болды. Біреулер суыққа шыдай алмаса, енді біреуді «ойбай, алысқа кетіп қалдың» деген сылтаумен туыстары шақырып алып жатты.
Бір қызығы, солтүстіктен көшіп кеткен адам өзін ешқашан кінәлі сезінбейді. Көпшілігі «солтүстікте жағдай дұрыс жасалған жоқ» деген себеп айтады. Алайда онымен бірге көшіп келген азаматтар қалды ғой, әлі де тұрып жатыр. Сондықтан бұл әркімнің жеке басына байланысты мәселе деп ойлаймын. Мәселен, аулаға 10 ағаш ексең, соның алтауы көктеп, тамырлап кетті делік, соның өзін өте жақсы нәтиже деп қабылдау керек.
— Бүгінгі күні солтүстіктегі демографиялық өсім қалай?
— Солтүстік Қазақстан облысындағы 530 мың халықтың жартысы Петропавл қаласында тұрады. Қалғаны аудандарда шоғырланған. Мысалы, Түркістан облысындағы Сайрам ауданының өзінде 240 мың адам тұрады екен. Ал, біздегі аудандарда адам саны 25 мыңнан аспайды. Біз көбіне жабылып жатқан ауылдар бойынша дабыл қағамыз ғой. Бізде негізі жабылайын деп тұрған аудан бар. Мәселен, Тимирязев ауданында 12 мыңға жуық халық қоныстанған. Мемлекеттік реттеу бойынша, халық саны 10 мыңға азаятын болса, аудан екіге бөлініп, көршілес аудандарға қосылуы қажет. Біздің қазіргі демографиялық мәселеміз осындан-ақ көрініп тұр.
Бір қуанышты жағдай айтайын, Шал ақын ауданында республика күніне орай көпбалалы аналарға «Алтын» және «Күміс» алқалар берілді. Сонда 5 ана алтыннан алқа тақты. Оның үшеуі — Түркістан облысынан көшіп барған көпбалалы аналар. Сондықтан, мен түркістандық көпбалалы отбасыларды солтүстікке қоныс аударуға шақырамын әрі көп болып көшіп келсе деп армандаймын.
— Жалпы, солтүстікке көшіп барушыларға қандай көмек беріледі? Осы жағына кеңінен тоқталып өтсеңіз.
— Бір отбасында қанша адам бар, соның әрбіріне 260 000 теңгеден бір реттік көмек төленеді. Ол ақшаны еңкейген қариядан еңбектеген сәбиге дейін ала алады. Бұрындары көшіп келушілерге арнап үйлер салынған болатын. Қоныс аударған азаматтар сонда тұрып жатыр. Дегенмен, қазір ондай үйлер таусылды. Сондықтан Үкімет мәселені шешу мақсатында «Ұтқырлық сертификаты» жобасын енгізді. Енді қоныс аударушы Солтүстік Қазақстан облысынан үй сатып алатын болса, оның құнының 50 пайызын ғана төлейді. Мәселен, 6 млн тұратын үйдің 3 млн теңгесін таба алса, қалғанын үкімет төлеп береді. Үй бірден қоныс аударушының атына аударылады.
Түркістан облысында бір дәрігердің орнына 3-4 адам кезекте тұрса, бізде дәрігер, полиция, өрт сөндіруші секілді салаларда адам жоқ. Тіпті, ауылдарға — әкім, аудандарға — әкім орынбасары қажет. Сондай бос жұмыс орындары көп. Көшіп барушының білімі сай болатын болса, үйін алып, қызмет ете береді. Ары қарай адамның өзіне байланысты. Жалпы, 300-400 мың теңге жалақы төлейді деген оймен бармаған жөн. Солтүстік Қазақстан — ауыл шаруашылығына қолайлы мекен. Сондықтан тіршілік жасау керек. Мал бағуға, сауда жасауға, егіншілікпен айналысуға бізде мүмкіндік көп. Тек бәсекелестік дамымаған. Бәсеке жоқ жерде ол сала жеткілікті деңгейде дамымайтыны анық. Сол себептен бар үмітіміз — оңтүстіктің азаматтарында. Солар келіп, бізге бәсекеге қабілетті орта қалыптастырып берсе, нұр үстіне нұр болар еді.
— Сіз жетекшілік ететін TAUEKEL ұйымының жұмысына тоқталсақ, әрдайым картадан жоғалғалы тұрған ауылдардың мәселесін көтеріп, дабыл қағып жүресіз. Бұл іске мемлекет тарапынан қандай да бір қолдау көрсетіле ме?
— Үкіметтің ішкі көші-қон мәселесіне қатысты жасап берген бұл жобасының өзі біле білген адамға ең үлкен көмек деп білемін. Аталған бағдарламаның негізгі мақсаты — Оңтүстіктегі жұмыс күші көп аудандардың арасынан, жұмыс күші аз аймаққа жұмысшыларды тасу, көшіру. Ал, біз сияқты ұлттым, жерім деген азаматтар үкіметтің осы жобасын қолымыздан келгенше пайдаланып, теріскейдегі шекараларды бекітуге, жабылайын деп тұрған ауылдарды аман сақтап қалуға барымызды салып, пайдаланып жатырмыз.
Сондай-ақ, соңғы кезде көші-қонмен қатар «Солтүстікті қазақыландыру» деген тіркес айтылып жүр. Мен бұл сөзді айтқанды құп көрмеймін. Себебі, Солтүстікте ежелден қазақ халқы тұрып келген, әліде тұрып жатыр. Бізде де қазақ ауылдар бар. Бірақ салыстырмалы түрде алғанда аз. Сондықтан Солтүстікті қазақыландыру деген дұрыс емес. Біз онсызда қазақпыз.
— Сақалыңызға қарап сізді көпшілік «хайп» қуып жүр деп ойлайды екен.
— Бұл — «жұмыс істемейтін сақал». Менің имиджім. Ал солтүстікке көшті өзімізге миссия етіп алдық. Ал, миссияны орындап, мақсатқа жету үшін хайп керек болса, оны да жасауға дайынбыз.
— Бүгінде Түркістан облысының аудандарын аралап, үгіт-насихат жүргізіп жатырсыздар. Жалпы халықтың көзқарасы қалай?
— Өткен жылдары Солтүстік Қазақстан облысынан Түркістанға арнайы делегациямен келіп, үгіт-насихат жүргізіп, бір автобус адамды алып кеткен болатынбыз. 50 адамға өңірдің ең жақсы шұрайлы жерлерін көрсетіп шықтық. Сол азаматтар Түркістан облысының тұрғындары арасында солтүстікке көшу науқанына үлкен жарнама жасап берді. Әлеуметтік желілерде көп видеолар тарады. Нәтижесінде біршама адам солтүстікке көшіп келді.
Бүгінде Түркістан облысының барлық аудан орталықтары мен қалаларын аралап шықтық. Онда солтүстік аймақтың әсем табиғаты мен көрікті жерлерін насихаттадық. Көшіп барушыларға қандай көмек көрсетілетінін түсіндірдік. Халықтың да ынта-ықыласы жақсы. Көшуге ниеттілер көп.
Бірақ көбі көшуді қиын деп ойлайды екен. Еш қиындығы жоқ. Әрбір аудан орталықтарындағы мансап орталығына барсаңыз, бүкіл мәліметті ала аласыздар. Біз сіздерді күтеміз, құрметті оңтүстік жұрты.