Сомалиде күшті құрғақшылықтан жүздеген мың адам зардап шекті — БҰҰ

АСТАНА. KAZINFORM — Сомалидің орталық және солтүстік аймақтарында болған күшті құрғақшылықтан жүздеген мың адам зардап шекті, деп хабарлайды Синьхуа.

Сомали
Фото: Азертадж

Бұл туралы БҰҰ Бас хатшысының ресми өкілінің орынбасары Фархан Хак сәрсенбі күнделікті брифингте мәлімдеді.

Оның айтуынша, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) жүргізген талдау нәтижелері бойынша, 16 округтегі қатты зардап шеккен аудандарда 880 мыңнан астам адам өмір сүріп жатыр.

БҰҰ мекемелері мен серіктестері Пунтленд пен Сомалиленд өңірлерінде негізгі қажеттіліктерді анықтау үшін бірлескен бағалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алдын ала есептер көрсеткендей, азық-түлік қауіпсіздігінің нашарлауы, су мен жайылымдарға қол жеткізудің азаюы, сондай-ақ күнкөріс көздерінің үзілуі сияқты мәселелер ушығып келеді.

БҰҰ Гуманитарлық ұйымдарының мәліметінше, құдықтар тартылып қалған, 160-тан астам су ұңғымасы жұмысын тоқтатқан. Малшылар малдарын аман сақтап қалу үшін өз табындарымен басқа өңірлерге көшуге мәжбүр.

Фархан Хактың айтуынша, БҰҰ қамқорлығындағы гуманитарлық қор Сомалидегі адамдардың өмірін құтқаруға бағытталған шұғыл қажеттіліктерді өтеу үшін қаражат бөлуді жоспарлап отыр.

Алайда көмек көлемін арттыру жоспарына негізгі донорлардың қаржыландыруды қысқартуы кедергі келтіріп отыр. Жалпы құны 1,4 миллиард АҚШ долларына бағаланған Сомалиге арналған гуманитарлық қажеттіліктер мен әрекет ету жоспары қазіргі таңда тек 17%-ға немесе 242 миллион долларға ғана қаржыландырылған.

Осыған дейін БҰҰ Сомалиге қолдау көрсету үшін 1,6 млрд долларлық гуманитарлық жоспарын іске қосқаны хабарланды.

Соңғы жаңалықтар