Соңғы 5 жылда елімізден 2,5 мың дәрігер шетелге жұмыс істеуге кетті — ДСМ
АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы 5 жылда елімізден 2,5 мың дәрігер шетелге жұмыс істеуге кетіп қалды. Бұл туралы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев айтты.
— Медицина саласы мамандарын соққыға жығу салдарынан жұмыстан шығуына байланысты статистикалық дерек жоқ. Жалпы, медицина кадрларының тапшылығына қатысты статистика бар. Бүгінде шамамен 4 мыңға жуық дәрігер мен шамамен 5 мың орта буын медицина маманы жетіспейді. Сонымен қатар жалпы медицина жүйесінен мамандардың шетелге кетіп жатқаны бар екенін атап өткім келеді. Тек соңғы 5 жылдың ішінде ғана шамамен 2 500 дәрігер Қазақстаннан басқа елге жұмыс істеу үшін кетіп қалды, — деді вице-министр Мәжілістің жалпы отырысында депутаттардың сауалына орай.
Айта кетейік, Мәжіліс отырысында дәрігерлер мен жедел жәрдем қызметкерлерін қорғауға арналған заң жобасы талқыланып жатыр.
Талдау барысында Тимур Сұлтанғазиев еліміздегі барлық жедел жәрдем қызметкерлері бейнетіркегішпен қамтамасыз етілетінін айтты.