Соңғы 5 жылда еліміздің мәдениет саласында қандай өзгерістер болды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Қазіргі кезде ҚР мәдениет саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бар. Тұжырымдамада әр саланың атқарған жұмысы, алдағы жоспарлары жазылған. Kazinform соңғы 5 жылда осы бағытта қандай жұмыс атқарылған, жаңашылдықтар беретін мүмкіндіктер туралы тізбектеп көрді.

Димаш Кудайберген
Фото: instagram/kudaibergenov.dimash

Жолдаудан басталған жол

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында бір бөлімді мәдениет қызметкерлерін қолдауға бағыттап, бірқатар тапсырма берді.

Мамандықтың беделін арттыру үшін түрлі әлеуметтік жеңілдік қарастырып, еңбекақысын көтеруді тапсырды.

Арада бір жыл өткенде мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашыларды атап, 2022 жылдан 2025 жылға дейін жалақыны жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсетінін мәлімдеді.

Дәл сол 2019 жылы елімізде «Кинематография туралы» Заң қабылданды. Заң халықаралық кинематография ұйымдарына қойылатын талапты жеңілдетті. 

Бұл дегеніміз фильм түсіру локациясы қолжетімді бола түсті. Көп ұзамай Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы құрылды.

ҚР мәдениет саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасындағы мәліметке сүйенсек, 2019 — 2021 жылдар аралығында республикалық бюджет қаражаты есебінен 72 фильм түсірілді, оның ішінде жас кинематографистер 33 киножобаны іске асырды.

ту
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Көк тудың желбірегені…

2020 жылы әлемді коронавирус пандемиясы жайлап, мәдени ошақтар уақытша жабылды. Бұл мекемелердегі қызметкерлері қашықтан концерт өткізіп, түрлі онлайн кездесу ұйымдастырды.

«Карантиндегі жұлдыз» жобасы аясында эстрада жұлдыздары өз жеке сайттарында, You Tube арналары мен әлеуметтік желілерден ғана көрінді. 2020 жылы республика бойынша мәдениет және спорт мекемелерінің 90 пайызына жуығы қашықтан жұмыс режиміне ауыстырылды.

Күн сайын таңғы 08:00–ден бастап 21:00–ге дейін мәдениет және спорт саласының өкілдері қазақстандықтарға үйден шықпай, бой жазу жаттығуларын жасап, түрлі кездесулер, лекциялар, концерттер өткізді. 

Пандемия ұлы ойшыл, ақын Абайдың 175 жылдық, адамзаттың екінші ұстазы әл-Фарабидің 1150 жылдық және Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойларын атап өтуде кедергі келтіргені рас.

Бірақ сол жылы Абай шығармалары бірнеше тілге аударылып, әлемнің бірнеше елінде ақынның ескерткіші, бюсті орнатылды. Көшелерге атау берілді.

«Абай» телеарнасы ашылып, мәдени-ағарту бағытында жұмыс істеп келеді. 

Ал жыл соңында Мемлекеттік туды үйдің қасбетіне, балконға ілуге рұқсат беретін қаулы шықты. Бұл үлкен серпіліс болғаны анық. Әрі көптің қалауы еді. Туған жерін, елін сүйген қазақстандықтар ұлттық рухты көтеру үшін кейде балконға көк байрағымызды іліп қойып, кейін айыппұл арқалап жатты. Бұл қоғам арасында көп дау туғызды.

Халық қалауын ескерген Мемлекет басшысы X желісіндегі парақшасына «Парламенттің бірқатар депутаттары мен патриот азаматтардың еліміздің мемлекеттік рәміздерін, атап айтқанда, ҚР мемлекеттік туын кеңінен қолдану туралы ұсынысын қолдаймын», — деп жазды.

Ал 2020 жылдың желтоқсанында қаулы шықты.  

Сол жылы «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» жаңа редакциядағы Қазақстан Республикасының заңы қолданысқа енді. Бұл тарихи-мәдени мұраларды сақтауға септігін тигізетін, «қара археологияның» жолың кесетін заң болды.

Сондай-ақ 2020 жылы «Мәдениет туралы» Заңға фонограмманы пайдаланған жағдайда алдын ала хабарлау туралы өзгеріс енгізілді.

«Халық Қазынасы» ұлттық өнер орталығы құрылды. Орталық республикалық және халықаралық мәдени жобаларды ұйымдастыру, әндер мен күйлер жинағын шығару секілді бірқатар міндетті өз құзыретіне алды. 

концерты артисты певцы әншілер әртістер
Фото: Максат Шагырбаев/Kazinform

Grammy сыйлығы Қазақстанға бұйырды

2021 жылы Қазақстанның жұлдызы жанды. Бір емес, бірнеше өнер жұлдызы әлемді таңдай қақтырып, өзіне қаратты. Музыкант туралы ақпарат алдымен Grammy сылығының ресми парақшасында жарияланып, кейін рэпердің өзі әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.

Иманбек Зейкенов — Павлодар облысы Ақсу қаласының тумасы. 

Сондай-ақ 2021 жылы әнші Рухия Байдүкен «Славян базары» халықаралық фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды.   

Әнші Димаш Құдайберген болса сол жылы «Азияның ең сымбатты азаматы» атанды. 

Айта кетейік, 2021 жылы «Қазақконцерт» ұйымына КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың есімі берілді.

Сонымен бірге осы кезде балаларды түрлі шығармашылық, спорттық үйірмелерге тарту үшін бірыңғай платформа ашу жоспарланды. Ол — Artsport.edu.kz цифрлық платформасы.

Бұл алдымен балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың қарым-қабілетін ашу және қолжетімділікті арттыруға бағытталған шешім болатын.

отбасы күні
Фото: Максат Шагырбай/Kazinform

Наурыз тұжырымдамасының мәні тереңде

Соңғы жылдары елімізде Наурызнама тұжырымдамасы бекіді. Бұл — Наурыз жыл басы мерекесін тойлаудың, ұлттық сананы жаңғыртудың бір жолы саналады.

14 наурыз күні Амал мерекесі тойланып, әр күнге атау берілді. Бәрі де еліміздің салт-дәстүрін, ұлттық болмысын жаңғыртуға бағытталған.

Сонымен бірге өскелең ұрпақты тәрбиелеп, тарих мен болашақты ұштастыруда үлкен мәнге ие болып келеді. 

2022 жылы әнші Димаш Құдайберген Алматы қаласында жеке концертін берді. Концертке әлемнің ондаған елінен жанкүйерлері келіп, қолдау көрсетті.

Әншінің өзі болса бұл концертті емтихан деп санап, үлкен жауапкершілікпен қарағанын жеткізді.

Аншлагпен өткен концерт кезінде халықаралық бишілер ұжымы, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі мен «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі өнер көрсетті. 

Мемлекеттік күзет қызметінің мамандарын марапаттайтын наградалардың атауы өзгеруі мүмкін
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

«Қазақстанның халық жазушысы» атағы қайта оралды

Елімізде «Қазақстанның халық әртісі», «Қазақстанның халық жазушысы» атағы қайта оралды.

Былтыр театр және кино актерлері Дінмұхаммед Ахимов, Михаил Токарев пен Дулыға Ақмолда, опера әншілері Шахимардан Әбілов пен Талғат Күзенбаев, әнші Рамазан Стамғазиев, Димаш Құдайберген және күйші Айгүл Үлкенбаева «Қазақстанның Халық әртісі» атағын алды. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда:

«Жалпы, мен Мемлекет басшысы және азамат ретінде қазақ әдебиетін әрдайым қолдаймын. Туындылар оқырманға қолжетімді болуы керек деп ойлаймын. Ал, жазушыларымыздың шығармалары халық арасында, әсіресе, жастар арасында сұранысқа ие болуы керек. Мұның бәрі — мемлекеттің ғана емес, жазушыларымыздың да міндеті. Оқырман қауым қаламгерлерден халыққа рухани азық болатын тың дүниелер күтеді. Жазушылар одағы осы жұмысқа ұйытқы болады деп сенемін. Осыған байланысты, мен Мереке Құлкеновтің „Қазақстанның Халық жазушысы“ атағын қайтару туралы ұсынысын қолдаймын. Бұл атақ атына — заты сай, лайықты, туындылары арқылы халық сүйген жазушыларға ғана берілуі керек деп санаймын», — деді. 

«Қазақстанның халық жазушысы» атағын Төлен Әбдікұлы, Смағұл Елубай, Бексұлтан Нұржекеев, Софы Сматаев, Ахметжан Аширов, Любовь Шашкова алды. 

Ал биыл жас жазушылар мен ақындарға Президенттік арнаулы әдіби сыйлық берілді.

Бұл сыйлық 18-35 жасқа дейінгі қаламгерлерге арналған. «Проза» номинациясы бойынша Жылқыбай Досханның «Квант» туындысы, «Поэзия» номинациясы бойынша Еділбек Дүйсеновтің «Қалалық құстар» өлеңдер топтамасы, «Драматургия» номинациясы бойынша Айтолкын Ашимованың «Тау көтерген Толағай» драмалық туындысы, «Балалар әдебиеті» номинациясы бойынша Олжас Қасымның «Атың озсын, азамат!» топтамасы үздік деп танылды. 

Айтып өтейік, биыл Жошы ұлысының 800 жылдығы өтіп жатыр. Еліміздің бірнеше өңірінде конференциялар, дөңгелек үстелдер, семинарлар ұйымдастырылды.

«Қазақстанның ежелгі заманнан бүгінге дейінгі тарихы» атты 7 томдық академиялық басылымы да әзірленіп жатыр. 

Сондай ақ биыл елде жазушы Бердібек Соқпақбаевтің, жазушы, аудармашы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына 100 жыл, театр және кино режиссері, Қазақ КСР Халық әртісі Шәкен Аймановтың туғанына биыл 110 жыл, қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаушы Әбілхан Қастеевтің туағанына 120 жыл толады.

Ақын, жазушы, драматург Ілияс Жансүгіров пен ақын, жазушы Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығы атап өтіледі.

Жазушы, ақын, драматург Бейімбет Майлиннің туғанына 130 жыл, жазушы, ақын, драматург Жүсіпбек Аймауытовқа 135 жыл, ақын, жырау, әнші, композитор Кенен Әзірбаевтың туғанына 140 жыл толады. 

Соңғы жаңалықтар