Соңғы бес жылда 18-ге толмаған 12 мыңдай қыз жүкті болған
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде соңғы бес жылда 18 жасқа толмаған 12 мыңдай қыз бала жүкті болып қалған.

Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Жұлдызай Ысқақова айтты.
— Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қамқорлығымен жасөспірімдер мен жастар арасында репродуктивті денсаулыққа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ ерте жыныстық қатынастың және жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың қаупі туралы шынайы ақпараттарды кеңінен тарату мақсатында мемлекеттік органдардың, медициналық және білім беру мекемелерінің, үкіметтік емес ұйымдар мен халықаралық серіктестердің күш-жігері біріктірілді. Жауапкершілікті тек мектептерге немесе ата-аналарға артып қоюға болмайды. Халықтың денсаулығы — бұл баршаға ортақ жауапкершілік әрі ұлттық игіліктің негізі, — деді ол ОКҚ алаңында.
Сондай-ақ спикер жастар мен жасөспірімдердің басым бөлігінің АИТВ туралы білімі төмен екенін атап өтті.
— Соңғы бес жылда елімізде 18 жасқа толмаған шамамен 12 мың қыз бала жүкті болып қалған. 15 пен 19 жас аралығындағы жасөспірімдердің үштен бірі жыныстық белсенді, алайда UNFPA зерттеулері бойынша олардың басым бөлігінің АИТВ мен ЖИТС туралы білімі жеткілікті деңгейде емес, — деді Жұлдызай Ысқақова.
Айта кетейік, бұған дейін сенатор соңғы бес жылда жасөспірімдер арасында туу көрсеткіші шамамен 1,5 есеге артқанын айтып, дабыл қаққан болатын.