Соңғы екі жылда елде қанша бассейн тексерілді
АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы екі жылда елімізде бассейндерден алынған 50 шақты су сынамасы санитарлық талапқа сай болмай шықты. Мұндай деректі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жариялады.

— 2024–2025 жылдары 17 нысан тексеріліп, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі аясында 89 ұсыным берілген. 710 су сынамасының гигиеналық нормативтерге сәйкестігі зерттеліп, оның 47-сі белгіленген талапқа сай еместігі анықталды. Тексеру нәтижесінде үш әкімшілікке жаза қолданылып, бір іс сотқа жолданған, — делінген ведомство мәліметінше.
Атырауда болған соңғы төтенше жағдайдан кейін бассейндердің қауіпсіздігі тақырыбы күн тәртібінде тұр. Онда қаладағы аквапарктердің бірінде 14 адам хлордан уланған, сондай-ақ үш адам ауруханаға жатқызылған.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Ысқақованың айтуынша, осы оқиғадан кейін Атыраудағы 20 бассейннен 164 су сынамасы алынған.
— Осы оқиғадан кейін Атырау қаласының бас мемлекеттік дәрігерінің бассейндерді мониторингтен өткізу туралы қаулысы қабылданды. 164 су сынамасының 76-сы санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша, 19-ы микробиологиялық көрсеткіштер бойынша талапқа сай еместігі анықталды, — деді Айгүл Ысқақова.
Елдегі бассейндерді жоспарлы тексеру жарты жылда, бір жылда немесе екі жылда бір рет жүргізіледі. Жоспардан тыс тексерулер шағым түскенде немесе аурудың өршуі кезінде өткізіледі.
Егер бассейнде санитарлық қорытынды болмаса, бұл — заң бұзу болып саналады. Алайда инспекторлар тек заңды негіз болған жағдайда, яғни ресми шағым тіркелген жағдайда ғана бассейндерді тексере алады.
— Айыппұлдар жеке тұлғаларға да, заңды тұлғаларға да салынады. Айыппұлдың мөлшері бизнестің көлеміне — шағын, орта немесе ірі екеніне қарай сараланады. Айыппұл 700 мыңнан екі миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін, — деді ДСМ Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы директорының міндетін атқарушы Манар Смағұл.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, балалар бассейнінде судағы хлор деңгейі литріне 0,3 миллиграмнан, ересектер үшін — 0,6 миллиграмнан аспауы керек. Сондай-ақ, «байланысқан хлор» деп аталатын көрсеткіш өлшенеді — ол органикалық ластаушылармен реакция нәтижесінде пайда болады. Оның шекті мөлшері — 1,2 мг.
Сонымен қатар, Манар Смағұлдың айтуынша, судың тазалығы келушілердің де тәртібіне байланысты. Суға түсер алдында адамдардың душ қабылдауы, крем мен косметика қолданбауы, бас киім мен екінші аяқ киім киюі секілді ережелерді сақтау — маңызды нәрсе.
Ал егер су сапасына күмән туса, e-otinish арқылы шағым беруге болады, содан кейін нысанға жоспардан тыс тексеру жүргізіледі.