Соңғы үш айда 8 мыңнан астам алтын құйма сатылды
АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылдың үшінші тоқсанында ҚР Ұлттық банкі екінші деңгейлі банктер мен банктік емес айырбастау пунктеріне жалпы салмағы 438,4 кг болатын 8 302 өлшемді алтын құйма сатты.
 
                                              Алтын құймалар ең көп сатылған өңірлердің қатарында Алматы (5 874 дана немесе 71%), Астана (600 дана немесе 7%) және Қарағанды облысы (460 дана немесе 6%) бар.
Құймаларды халық Halyk Bank, Еуразиялық банк, Jusan Bank, ЦентрКредит банктерінде және банктік емес жекелеген айырбастау пунктерінде сатып алып, сата алады.
Жалпы алғанда, 2025 жылдың III тоқсанында банк пен айырбастау пунктері кері сатып алынғандарын қоса есептегенде, халыққа салмағы 409 кг болатын 9 110 құйма сатқан.
Бағдарлама іске қосылғалы бері сатылған алтын құймалардың саны 246 882 данаға жетіп, олардың жалпы салмағы 8,6 тоннаны құрады.
- Ең жоғары сұранысқа ие құйма – 10 грамдық. Оның үлесі барлық сатылымның 26%-ын (63 740 дана) құрайды. Одан кейінгі орында 5 грамдық (53 978 дана – 22%), 100 грамдық (50 779 дана – 21%), 20 грамдық (44 707 дана – 18%) және 50 грамдық (33 678 дана – 13%) құймалар тұр.
Әрбір құйма айнадай беті, микротексті мен бедерлі жиегі бар арнайы қорғаныс қабымен қапталған. Ол механикалық зақымданудан сақтап қана қоймай, құйманың ашылған-ашылмағанын анықтауға мүмкіндік береді. Қорғау қаптамасы құйманың сапа сертификаты ретінде де қызмет атқарады. Сондықтан алтын құйманы ұқыптап сақтап, қорабын бүлдірмеу керек, - деп жазылған хабарламада.
Ұлттық Банк атап өткендей, алтын құймалар – сенімді инвестиция құралы. Нарықтағы өтімділіктің негізгі кепілі – банк пен айырбастау пунктерінің клиентке ақшаны сол күні төлей отырып, құймаларды кері сатып алу мүмкіндігі бар.
Айта кетейік, қазанның ортасында алтын мен күмістің бағасы рекорд жаңартты.