Соңғы үш жылда елге 1,12 трлн теңге заңсыз активтер қайтарылды – Антикор

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізден заңсыз шығарылған активтерді қайтару шарасы жалғасып жатыр. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров мәлім етті.

активтерді қайтару
Фото: freepik.com

- Заңсыз шығарылған активтерді қайтару бойынша жұмыс қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға бағытталған негізгі міндеттердің бірі болып қала береді. 2022 жылдан бері мемлекетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 1,12 трлн теңгеден астам актив қайтарылды, - деді Данияр Бигайдаров ведомствода өткен баспасөз мәслихатында.

Ресми өкілдің айтуынша, қылмыстық жолмен алынған қаражат пен мүлікті іздестіру жұмыстары ел ішінде де, шетелде де жүргізіліп жатыр.

- Осы мақсатта Қаржылық мониторинг агенттігінің барлау бөлімшелерімен, сондай-ақ халықаралық серіктестермен белсенді ынтымақтастық орнатылып, бейресми байланыс арналары мен басқа да желілер пайдаланылып жатыр. Бұл ұрланған қаражатты жедел анықтауға және қайтаруға мүмкіндік береді, - дейді ол.

Өткен жылы қайтарылған қаржыға 92 мың орындық 83 мектеп салынатыны туралы хабарлаған едік. 

Былтыр қайтарылған активтер: Cartier, Breguet, Tiffany, Ulysse Nardin Classic қол сағаттары аукционға шығарылатыны айтылды. 

Соңғы жаңалықтар