Соңғы 10 жылда БҚО-да білім беру саласын қаржыландыру 6 есе, денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 8,5 есеге артты

деп хабарлады pm.kz сайты.
Аймақ бойынша балаларға мектеп алды білім беру мекемелерінің желісі қарқынды түрде қалпына келтіріліп жатыр. 2010 жылы балабақшалар саны 1995 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 113 балабақшаға көбейген (1995 жылы - 327 балабақша, 2010 жылы - 440 балабақша). Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына баруға мүмкіндік алған балалар саны 14,3 мың баладан 25,1 мың бүлдіршінге дейін жетті. Балалардың мектепке дейінгі ұйымдармен қамтылуы 94,2 пайызды құрайды.
Өңірдің денсаулық сақтау саласына кардиохирургия, онкология, травматология бойынша облыстық ұйымдар деңгейінде жоғары мамандандырылған медициналық көмек енгізілді. Батыс Қазақстан облысында 41 аурухана, 156 амбулатория мен емхана жұмыс істейді.
2000-2010 жылдар ішінде 72 денсаулық сақтау нысаны салынып, қайта жаңғыртудан өткізілді.
Жалпы айтсақ, өңірдің демографиялық көрсеткіштері жақсарды. Облыстағы бала туу көрсеткіші 9,7 пайызға көбейіп, халықтың табиғи өсімі 1,5 есеге артса, өлім-жітім саны 14,4 пайызға төмендеген. Батыс Қазақстан облысында 2009 жылы адамның орташа өмір сүру жасы 68,6 жасқа дейін жетті, 1995 жылы бұл көрсеткіш 63,9 жасты құраған еді.
1995 жылмен салыстырғанда 2010 жылы Батыс Қазақстан облысындағы жұмыссыздар саны 41,1 пайызға азайған. Жалпы жұмыссыздық деңгейі осы кезең ішінде 10,8 пайыздан 5,6 пайызға дейін төмендеді. Еңбекпен қамту органдары арқылы жұмысқа орналасқан азаматтардың саны 1995 жылмен салыстырғанда 6,6 есеге көбейген (2,8 мың адамнан 18,5 адамға дейін).
Тәуелсіздік жылдары өңірдегі орташа айлық жалақы көрсеткіші 3616 теңгеден 84080 теңгеге дейін немесе 23,3 есеге ұлғайды, ал орташа жан басына шаққанда бір айдағы ақшалай кіріс 1405 теңгеден 50001 теңгеге дейін өсті.