Соңғы 5 жылда құрылған 116 акционерлік қоғамның 51-і залалмен қызмет атқарып келеді - Есеп комитеті

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сөз арасында Комитет төрағасы жарғылық капиталдарына аса қомақты бюджет қаражаты салынған квазимемлекеттік сектор субъектілер жұмысындағы олқылықтарға назар аударды. Оның айтуынша, аталған бағытта басы ашылмаған «қиғаш» жайттар жеткілікті.
«Біздің пікірімізше, Үкімет мемлекет активтерін басқарудың тиімді тетігін әзірлеу жөнінде толыққанды шаралар қолданбай отыр. Сол себепті бірқатар квазимемлекеттік субъектілері құрылған кезінен бастап, өзін-өзі ақтамай келеді. Мәселен, соңғы 5 жылда құрылған 116 акционерлік қоғамның 51-і бүгінгі күнде залалмен қызмет атқарып отыр», деді О. Өксікбаев.
Оның айтуынша, көптеген даму институттары қаражатты уақытылы және мақсатты пайдалануын қамтудың орнына, ақшаны депозиттер мен ағымдағы есеп-шоттарға салып отырған.
«Сонымен бірге, даму институттарының әкімшілік шығындарын ұлғайту жалғасуда. Бұлардың аталған шығындары депозиттен түскен пайданың орнымен толығады. Бұл республикалық бюджет қаражатының белгілі бір топтың ғана әл-ауқатын арттыруда деген сөз. Бюджет тапшылық көріп отырған кезеңде бұндай «атымтай жомарттыққа» жол беруге болмайды», деді Төраға.