Соңғы бес жылда түрмедегілердің өлім көрсеткіші 30 пайызға азайды - ІІМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы бес жылда түрмедегілердің өлім көрсеткіші 30 пайызға азайды. Бүгін Мәжілісте Қылмыстық-атқару жүйесіндегі мәселелерге арналған Үкімет сағатында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов осылай айтты.
«Қылмыстық атқару жүйесіндегі медицина мәселесінде ең басты проблема - туберкулезден емдеу және алдын алу. Бұл бағыттағы жұмыстарда жағымды көрсеткіштер баршылық. Мәселен, туберкулезден болатын өлім 68 пайызға азайды, ал осы дертпен ауыратын сотталушылар саны 31 пайызға қысқарды. Биыл осы мәселеге байланысты Павлодар облысында арнайы мамандандырылған түрме мекемесін жапқан болатынбыз», деді министр.
Оның айтуынша, қазір түрмеге түсетіндердің өзі «сырттан» неше түрлі аурулар жұқтырып әкеледі. Мәселен, өткен жылы түрмеге «қабылдаулар» барысында АҚТВ жұқтырған 447 сотталушы анықталған. Сонымен қатар, былтыр түрмеде жазасын өтеуге кесілгендердің 1500-і есірткіге тәуелді болса, 1800-інде басқа ауру түрлері анықталған. Соның ішінде төрт жүзге жуығы туберкулездің ашық түріне шалдыққандар болып шықты, алайда олардың басым бөлігі денсаулық сақтау органдарында есепте тұрмайтыны анықталды.
«Бір сөзбен айтқанда, былтыр сотталғандардың отыз пайызға жуығы сырқаттар болды», деді Қ. Қасымов.