Соңғы қоңырау шарасы министрлік бұйрығымен бекітілмейді - ведомство басшылығы

АСТАНА. ҚазАқпарат – Мектептердегі соңғы қоңырау шарасы министрлік бұйрығымен бекітілмейді. Оқу-ағарту министрінің бірінші орынбасары Шолпан Каринова биылғы соңғы қоңырау күніне қатысты мәселені тағы бір мәрте түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Биыл оқу жылы 31 мамырда аяқталады. Соңғы қоңырауға келсек, аталған шараны өткізу бұрын да, қазір де министрліктің бұйрығымен бекітілмеген. Демек, нормативтік құқықтық құжаттарда соңғы қоңырау дәстүрі жеке іс-шара ретінде қарастырылмаған», - деді Шолпан Каринова ОКҚ-де өткен брифингіде.

Еске салайық, Мәжілістің жалпы отырысында депутат Аманжол Әлтай мектептердегі соңғы қоңырау күнін 30 мамырға немесе 1 маусымға ауыстыруды сұраған еді.

Мұнан соң министрлік соңғы қоңырау шарасының 1 маусымда өтетіндігін хабарлады.

«Қазақстанда оқу жылының ұзақтығы 36 апта. Дәстүр бойынша оқу жылы 1 қыркүйекте басталып, биылдан бастап 31 мамырда аяқталады. 31 мамыр – оқу жылының соңғы күні. Бұл күні еліміздің мектептерінде оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған сыныптан тыс сағаттар өткізіледі. 1 маусымда еліміздің оқушылары халықаралық балаларды қорғау күнімен қатар соңғы қоңырау мерекесін атап өтеді», - деп түсіндірген еді сол кездегі Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.


Соңғы жаңалықтар