19:23, 12 Қараша 2013 | GMT +5
Соңғы он айда Астанаға 76 мыңнан астам шетел азаматы келген
АСТАНА. 12 қараша. ҚазАқпарат - Соңғы 10 айдың ішінде елордаға келген 76 мыңға жуық шетел азаматы тіркелген. 169 кәсіпорында жұмыс істеуге 7000 шетелдік рұқсат алған. Бұл туралы Астананың ресми сайтынан хабарланды.

«Астанаға 76 мыңдай шетел азаматы келген. Оның ішінде 15 000 алыс шетелден келген азаматтар. Көбінесе жеке сапармен, саяхатқа келіп жұмыс істейді. Ал, заң бойынша олай болмауы керек. Олар 5 жылдың ішінде Астана түгілі Қазақстанға да кіре алмайды. Біз заңсыз келушілердің бір тобына осындай әкімшілік жаза қолдандық», - деді Астана қаласы ІІД Көші-қон полициясы басқармасы басшысының орынбасары Орал Әділбаев. Он айдың ішінде көші-қон туралы заңды бұзған 6 мыңнан астам жағдай анықталып, 193 шетел азаматы елден шығарылған. Ал, 91-і қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Жұмыс іздеп келушілердің көбі ТМД елдерінен сапарлайды екен. Олардың басым көпшілігі құрылыста, сауда-саттық пен халыққа қызмет көрсету салаларында нәпақа табады.