Соңғы үш жылда 2323 шетелдік қазақ жастары елімізде арнайы грантпен жоғары оқу орындарына қабылданды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы үш жылда 2323 шетелдік қазақ жастары елімізде арнайы грантпен жоғары оқу орындарында білім алуға қабылданды. Бүгін Мәжілісте көші-қон үдерістеріне арналған дөңгелек үстел барысында Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев осылай айтты.
«Еліміз Тәуелсіздік алған кезден бастап, шетелдегі қандастарымыздың қамы үнемі Үкімет назарында болғаны, жалпы көші-қон мәселесі мемлекеттік саясаттың деңгейіне көтерілгені баршаға аян. Ұлттық мүдде және келешек ұрпақ үшін тәуелсіз еліміздің төрт құбыласын түгендеу тұрғысында жасалып жатқан осы игі шараға білім саласы да атсалысып келе жатыр», - дейді вице-министр.
Оның айтуынша, жоғары білім беру саласындағы мемлекеттік білім беру гранттарының 2 пайызы арнайы квота ретінде қазақ диаспорасының өкілдеріне бөлініп отыр. Осы 2 пайыздық квота бойынша соңғы үш жылда 2 мың 323 қазақ жастары білім грантының негізінде оқуға қабылданған. Оқуға қабылданғандардың басым көпшілігі Өзбекстан, Қытай, Моңғолия елдеріне тиесілі.
«Мемлекеттік білім беру тапсырысының негізінде оқитын қазақ диаспорасының өкілдері тегін жатақханамен, шәкіртақымен, жылына екі рет берілетін жол жүру ақысымен қамтамасыз етіледі», - дейді Т. Балықбаев.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, шетелдегі қазақ жастары үшін жоғары оқу орындары жанынан дайындық курстары да ашылып жатыр. Ал мұндай курстар негізінен әл-Фараби, Оңтүстік Қазақстан университеттерінде болып келсе, биылдан бастап Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарындағы оқу орындарына да бөліне бастады.
«Бұл негізінен еңбек ресурстары онсыз да артық өңірлерден бөлек, қайта осындай ресурстары тапшы өңірлерге мамандар тартуға қатысты болып табылады», - дед Т. Балықбаев.