Соңғы үш жылда еліміздегі қылмыстылық 4,6 пайызға төмендеген - ҚР ІІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы үш жылда елімізде қылмыстылық 4,6 пайызға төмендегені байқалады. Бүгін Мәжілісте Қылмыстық-атқару жүйесіндегі мәселелерге арналған Үкімет сағатында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті.

Соңғы үш жылда еліміздегі қылмыстылық 4,6 пайызға төмендеген - ҚР ІІМ

«Бүгінгі таңда еліміздегі криминалдық ахуал тұрақты. Соңғы жылдары қылмыстарды тіркеуді қатаңдату нәтижесінде еліміздің қылмыстық жағдайының айқын статистикасы қалыптаса бастады. Ағымдағы жылы ішкі істер желісімен 249 мың қылмыс тіркелді. Соның нәтижесінде соңғы үш жылда алғаш рет қылмыстардың 4,6 пайызға төмендегені байқалады», - деді министр.

Оның айтуынша, ауыр және аса ауыр қылмыстар көрсеткіші төмендеген, кісі өлтіру, тонау көрсеткіштері де азайған.

«Дегенмен, ұрлық қылмысы әлі де еліміздің криминогендік ахуалына әсер етіп отыр. Оның қылмыстылық құрылымындағы үлесі алпыс пайыздан асады. Сонымен қатар қылмыстардың барлық түрлері бойынша ашылу көрсеткіші жақсарған», - деді Қ.Қасымов.