Соңына дейін жоғалған адам тірі табылар деп үміт үзбейміз – волонтер
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Оксана Пришиц Петропавлдағы Lider.kz волонтерлік қозғалысының үйлестірушісі. Бес баланың анасы бұл ұйымды алты жылдан бері басқарып келеді. Негізінен жоғалған адамды іздеуге машықтанған волонтер жұмысы жайында айтып берді.
— Волонтерлікке қалай келгеніңіз есіңізде ме, не себеп болды?
— Әрине, есімде. Ол кезде Қызылжар ауданы Бескөл ауылында тұрамын. Ауылда ұл бала жоғалды, ол менің кіші қызыммен жасты еді. Бірден әлеуметтік желіде топ құрылып, мені де біреу оған қосты. Сол жерде баланың фотосы мен ақпарат бар қағазды таратып, қабырғаларға жапсыру міндеті қойылды. Бұған дейін волонтерлікпен айналыспасам да, жұмыстан сұранып, бағдарды жапсыруға аттандым. Бірер сағаттан кейін бала дін аман табылды.
Біздің үйлестірушіміз болды, Наталья Шымкенттен онлайн жұмыс істеді. Волонтерлердің арасындағы белсенділері үнемі іздеуге және түрлі акцияларға, іс-шараларға қатысатын. Соның арасында мен де бармын. Маған адам жоғалған кезде ауруханаларға, мәйітханаларға хабарласу міндеті жүктелді. Оны жауапкершілікпен атқаруға тырыстым, сол себепті уақыт өте келе Наталья маған өз орнына үйлестіруші болуды ұсынды. Бастапқыда қорыққаным рас, бірақ, біздің өңірде адамдар аз жоғалады, сондықтан келісімімді бердім. Үйлестіруші болуға келіскеніме өкінген кездерім болды, өйткені адамдар күнде жоғалады. Кейде қатарынан бірнеше адамды іздеуге тура келіп жатады. Республика бойынша барлық волонтерлік топтардың үйлестірушілері отыратын топ бар. Ол жерге бүкіл Қазақстан бойынша жоғалған адамға бағдар түседі. Оны біз өзіміздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызда таратамыз. Арыз түскен жағдайда полиция жылдам әрекет етіп, іздеуге кіріседі. Мұндайда тез табылуы мүмкін. Бастапқыда біз бөлек, полиция бөлек жұмыс істеді. Кейін ұйымды тіркеп, меморандумға отырып, қазір бірге жұмыс істеп жатырмыз.
Тәртіп сақшыларымен алғашқы бірлесе іздеген адамымыз — мемлекеттік қызметші болды. Жігітті бірнеше күн іздедік. Таңертеңнен түнге дейін Есіл өзенінің жағасын шарладық, иесіз тұрған үйлерді, гараждарды тексердік. Соңына дейін тірі табылар деп сендік. Бірақ, өкінішке орай, қайтыс болған екен. Мұны мен өзім қиын қабылдадым. Тек күйеуім «егер сен әр оқиғаны осылай жүрегіңмен қабылдайтын болсаң волонтерлікті таста» дегесін, өзімді қолға алдым. Әрине, әр жағдай ерекше, әр жоғалған адамды жауапкершілікпен іздейміз, табылса екен деп тілейміз.
— Сіздердің ұйымдарыңыздың негізгі міндеті жоғалған адамдарды іздеу ғой, ол қалай жүзеге асады?
— Ия, үйінен шығып, хабарсыз кеткен, жоғалған адамдарды іздейміз. Туыстық байланыстың үзілуі деген бар, бірақ, біз онымен көбіне айналыспаймыз. Кейде түрлі акцияларға қатысамыз. Бірақ біздің жұмысымыз — жоғалған адамдарды табуға бағытталған. Ол екі түрлі жолмен жүргізіледі, ақпараттық және жиналып, іздеуге шығу. Орта жастағы адамдарды әдетте әлеуметтік желі, бағдар тарату арқылы іздейміз. Ал қарттарды, психикалық және басқа да ауруы бар жандарды, балаларды тәртіп сақшыларымен бірге іздеуге шығамыз.
— Жоғалған адам жайында жазбаны әлеуметтік желіде жиі кездестіреміз. Бір жылда қанша адам жоғалғандығы, қаншасының табылғандығы туралы статистика бар ма?
— Ия, әрине, биыл былтырғыға қарағанда жоғалғандар саны көп. Жыл басынан бері адамды іздеп табуға көмектесуімізді сұрап 45 өтініш түсті. Олардың 36-сы аман-есен табылды. Соның ішінде алтауы — 12 жасқа дейінгі бала, бесеуі — 12 мен 18 жас аралығындағы жасөспірім. Тоғыз адамның денесі табылды, араларында балалар жоқ. 19 рет іздеуге шықтық, соның ішінде үшеуінде біздің волонтерлер жоғалған адамды өздері тапты. Полицейлер бізге қарағанда тез табады, бірақ соңғы кезде волонтерлер біраз тәжірибе жинады, көп нәрсені үйрендік. Арамызға жаңадан волонтер қосылса, оны міндетті түрде оқытып-үйретеміз. Қауіпсіздік бірінші орында тұруы тиіс, екіншіден іс-әрекет алгоритмін білуі тиіс.
Мәселен жоғалған адамды немесе оның денесін тауып алды, әрі қарай не істеуі керек? Сондай-ақ тәртіп пен командалық рух та маңызды. Мұны үнемі талап етемін. Шаршайтын да кездеріміз болады, ондайда жиналып, түрлі тренингтер өткіземіз, бір-бірімізбен кездесу, әңгімелесу арқылы қуат аламыз.
— Кейбірі 2-3 күнде, енді бірі бірнеше аптадан кейін аман-есен табылып жатады. Олар жоғалу себептерін қалай түсіндіреді.
— Өмірде әртүрлі жағдай болады. Бірі ойламаған оқиғаға ұрынып жатады, енді бірі жанжалдасып, байланысты үзеді. Алыс жолға шығып, ақша-құжаттарын жоғалтуына байланысты мүсәпір күй кешетіндер бар. Тағы бір адамдар басқа қалаға, басқа мемлекетке жұмыс істеуге кетіп, өзін артында іздейтін адам барлығын ойламайды. Хабарсыз кеткендіктен туған-туыстары уайымдайды. Жоғалды деп іздеу жариялаған адамдарымыз өздері туралы бағдарды көріп, хабарласып, «мені кім іздеп жатыр» деп сұрайтын кездер де болады. Мен табылдым, жазбаны алып таста деп телефон арқылы өтінетіндер де бар. Бірақ, біз толық көзіміз жетпейінше, яғни туған-туыстары немесе полиция хабарласқанша дейін бағдарға тиіспейміз. Яғни қайта-қайта тексеріп, барынша нақты ақпарат жариялауды өзімізге міндет етіп алдық.
— Қайда жүргенін ешкімге хабарламай немесе ішіп кетіп, салдарынан басқаларды әбігерге салған адамдарға әкімшілік жаза қарастырылған ба? Өйткені оны іздеуге қаншама күш-қаражат жұмсалады…- Шынымды айтсам, әкімшілік жаза туралы естімеппін. Бірақ, егер кәмелет жасына толмаған жоғалса және бұл оқиға бірнеше рет қайталанса, онда ата-анаға өз міндетін тиісті орындамағаны үшін айыппұл салынады.
— Адамды іздеп табуда қандай да бір әрекет алгоритмі бар ма?
— Ия, мысалы, бізге туысы жоғалды деп хабарласты делік. Біз одан полицияға өтініш жазылған-жазылмағандығын білеміз. Егер полицияға хабарласпаған болса, біз адамды іздеуден бас тартамыз. Сондықтан адам жоғалған жағдайда «102» нөміріне хабарласу керек. Оқиға орнына оперативті топ келеді немесе жақын жердегі полиция бөлімшесіне барып арыз жазған жөн. Тек содан кейін біз сауалнама беріп, хабарсыз кеткен жан жайлы толық ақпарат аламыз. Өтініш берушіден тек шындықты айтуды сұраймыз, егер адам ішімдікке немесе есірткіге жақын болса, оны айтуы тиіс. Бұл біздің жұмысымызды жеңілдетеді. Іздеу аясын нақтылайды. Осыдан кейін фотосын алып, бағдарды әлеуметтік желіде жариялаймыз. Кейде полициядан хабарласып, жоғалған адамды табуға көмектесуімізді сұрайды. Мұндайда біз міндетті түрде туған-туыстарының телефонын аламыз, тек солардың рұқсатынан кейін ғана бағдарды жариялаймыз. Өйткені адам табылған жағдайда да ол өшірілмейді, біздің парақшамызда қала береді.
— СҚО-да Lider.kz волонтерлік қозғалысынан басқа хабарсыз кеткен адамдарды іздеумен айналысатын басқа ұйымдар бар ма?
— Бар, бірақ, олар біз сияқты белсенді емес. Мәселен, әлі күнге дейін табылмаған Агафонова деген зейнеткерді біз «Қамқор» ұйымының волонтерлерімен бірге іздедік. https://kaz.inform.kz/news/iz-tuzsiz-zhogalgan-sko-turgynyn-ush-ay-boyy-izdep-zhatyr_a3726949/ Біз барлығымен жақсы қарым-қатынас орнатқанбыз. Өйткені бұл істе бәсекелестік болмауы тиіс. Біз адам іздеумен айналысамыз, ал оны кім табады, біз бе немесе басқа волонтерлер ме немесе полиция ма — маңызды емес.
— Жұмыстарыңызда ең қиыны не?
— Менің бұл ұйымда үйлестіруші болып жүргеніме биыл алтыншы жыл. Сондықтан жұмысымыз бір жолға қойылған, жақсы команда жиналған. Тәжірибе болғандықтан әр оқиғаны да бұрынғыдай көңілге алып, жүрекпен қабылдамауды үйрендік. Әрине, іздеген жанымыздың денесін тапқан сәт — ең қиыны, өйткені біз соңына дейін үміт үзбейміз. Біздің міндетіміз — өз еркімізбен көмектесу, сол себепті ешкімді тәрбиелеуге құқымыз жоқ, жоғалған адамдардың әлеуметтік жағдайына, діни ұстанымына, тағы да басқа ерекшеліктеріне қарамаймыз. Эмоцияға берілмей, салқынқандылықпен жұмысты атқаруға тырысамыз. Сондай-ақ немқұрайлыққа ұрынбау үшін де түрлі оқулар ұйымдастырылады, психологтармен кездесіп тұрамыз.
— Есіңізде жатталып қалған оқиға бар ма?
— Деменция синдромы бар әжей үйінен шығып кетіп, сол кісіні іздеуге аттандық. Оны қаланың бірнеше ауданында, қала сыртында көргендер болды. Бірнеше күн полициямен бірге іздедік. Әдетте мұндайда адам ұшты-күйлі жоғалып, тек бірнеше жылдан кейін ғана денесі табылып, ДНК арқылы ғана кім екені анықталып жатады. Пандемия кезі болатын, автобустар жүрмейді, жаяулап-жалпылап жүрміз. Соған қарамастан іздемеген жеріміз жоқ, таңертең қайта жиналатын болып шештік. Ал ертеңіне бір ер адам хабарласып, ол орманшы екен, «маған әйелім бағдар берді, ағаш арасында келе жатып соған ұқсайтын әйелді көрдім, түсірген видеоны көріңізші, жіберейін» деді. Ия, бұл біз бірнеше күннен бері таба алмай жүрген әжей еді. Орманшыға ешқайда жібермей, тоқтата тұрыңыз деп ескерттім. Кейін қызына хабарласып, барып алып кеттік. Бүгінде әжей қайтыс болды, ал туған-туысымен әлі күнге дейін хабарласып тұрамыз. Сол жасы келген әйел бірнеше тәулік бойы орманда адасып жүрген ғой. Тапқан кезде табаны жарылып, қанаған болды, бірақ бірнеше күн бойы орманды кезгені есінде жоқ. Бұған дейін немқұрайлық туралы айттым ғой, міне осы әйелді бір тапқанға дейін де ер адам көрген, бірақ ешкімге хабарламаған. Ол бағдардағы телефон нөмірлерін полицияныкі деп ойлап, қорыққаннан хабарласпағанын айтты, яғни есі кіресілі-шығасылы әжейдің өміріне немқұрайлық танытқан. Ал бірде Ақмола облысындағы әріптестеріміз хабарласып, жүкті әйелдің екі баласын үйде тастап кетіп қалғандығы туралы айтты. Оны біздегі вокзалда біреулер көріп, бағдар бойынша таныған екен. Үйден жайдан-жай кетіп қалуы мүмкін емес қой. Кейін анықтасақ, әйелдің күйеуі іссапарда жүр, олар ұрсысып қалған. Келіншек телефон көтермеген, әлеуметтік желіге кіргенімен жауап бермеген. Сондықтан уайымдап, әбден берекесі кеткен күйеуіне бейнежазба жазып орналастыруды ұсындық. Кешке әлеуметтік желуге салдық, таңертең әйелі жауап беріп, ерлі-зайыпты татуласты. Кейін олар балаларын алып Астанаға көшіп кетті. Мен көпке дейін хабарласып, қал-жағдайларын біліп тұрдым.
— Кез келген адам волонтер бола ала ма?
— Бұрын ия, кез келген адам волонтер бола алады деп айтар едім. Бірақ, командамызға қаншама адам келді, олардың кейбірі көп болса бір аптаға ғана шыдап, кетіп қалады. Өкінішке орай, қазір біреудің қайғысына, қуанышына ортақтаса алатын адамдар аз. Сондай-ақ отбасы мен қоғамдық жұмысты қатар алып жүру оңай емес. Сондықтан мен волонтерлеріме бірінші кезекте отбасың тұруы керек деп айтып отырамын. Жұмыстан шаршап келген күйеуін тамақтандырмай, «бірдеңе жей салшы, мен адам іздеуге кеттім» деу дұрыс емес. Жаңадан келгендер «жоғалған баланы іздеу керек, дұрыс, ауыратын қарт адам адасып кетті, ия, табу керек. Ал ішкілікке салынған, не үйі, не күйі жоқ адамды неге іздейміз» деп сұрайды. Ол адамның ата-анасы, бауырлары бар, олар уайымдап, іздеп жатыр, жалпы адамдарды жаман-жақсы, бай-кедей деп бөлуге болмайды деп есептеймін. Біз тек қылмыскерлерді ғана іздемейміз, оған тыйым салынған. Сондықтан, волонтерлік екінің бірінің қолынан келе бермейді.