Сора еккендер сорлап қалды - Қызылорда облысы

Бірінші маусымнан бастап облыста «Кендір» жедел алдын алу шарасы өтіп жатқаны белгілі. Жоғарыдағы сора егу дерегі қазан айына дейін жалғасатын аталмыш операция шеңберінде анықталып отыр. Құқық қорғаушылар іздестіру жұмыстарын А.Тоқмағамбетов атындағы ауылдың шығысынан 15 шақырымдай жерде жүргізген болатын. Осылайша Қараөзек каналының жағалауынан есірткі плантациясы табылды. 490 түп сора заттай айғақ ретінде алынды. Биіктігі 70 сантиметрге жеткен жас өскіннен енді екі аптадан соң жоғары сапалы анаша дайындалуы мүмкін еді. Соралық алқаптан құрықталған қос қызылордалықтың бірі - 29, екіншісі - 18 жаста. Олар уақытша ұстау абақтысына жабылды.
Сонымен бірге сезіктілердің уақытша тұрағын тексеру барысында кофе құтысы мен есірткі оралған түйіншек тәркіленді. Құтыдағы марихуана, ал түйіншектегі салмағы 200 грамм болатын гашиш болып шықты. Қос қылмыскердің үстінен екі бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оның бірі - сора егуге, екіншісі - есірткі затын заңсыз сақтауға байланысты.