Сот Алматының бұрынғы басқарма басшыларын үй қамаққа жіберуден бас тартты
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасының бұрынғы басшысы Алмасхан Ахметжанов пен жер қатынастары басқармасының бұрынғы бастығы Ардақ Самамбетовтің адвокаттары судьядан қорғауындағы азаматтарды үй қамаққа жіберуін сұрады.

Сот отырысы барысында Ардақ Самамбетовтың қорғаушысы айыпталушыға қатысты бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтініш жасады. Сондай-ақ Алмасхан Ахметжановтың адвокаты қорғауындағы азаматты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау процесінде оның денсаулығы ескерілмегенін айтып, үй қамаққа ауыстыруын сұрады.
«Қамауға алу туралы бұлтартпау шарасын тергеу соты бекіткен болатын. Қазіргі таңда оны өзгертуге негіз жоқ», - деді судья.
Еске салайық, 2023жылдың 19 шілдесінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі заңсыз құрылысқа рұқсат беріп келген урбанистика басқармасының басшысы ұсталғаны туралы ақпарат таратқан еді.
Ол жер учаскелерін беру және объектілердің құрылысын келісу кезінде лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікке ілінді. Мәселен, жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелерінде, нысаналы мақсатына қарамастан және құрылыстың тығыздығын ескермей, жекелеген құрылыс компанияларының мүддесі үшін 2020-2023 жылдары 3 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысын заңсыз келіскен. Мемлекетке 307 млн теңгеден астам сомаға жер учаскелерінің төленбеген кадастрлық құны түрінде залал келді.
Кейін мамандандырылған ауданаралық тергеу соты Алмасхан Ахмеджановты қамауға алды.
Алматы урбанистика басқармасының басшысына қандай айып тағылғаны туралы мына жерде толығырақ айтылады.